Қазақстан туризм бойынша әлемдік рейтингте 56-орынға көтерілді

Қазақстан туризм бойынша әлемдік рейтингте 56-орынға көтерілді
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстан Travel & Tourism Development Index 2026 халықаралық рейтингінде 110 елдің арасынан 56-орын алды. Елдің жалпы көрсеткіші мүмкін болған 7 балдың 4,09-ын құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Дүниежүзілік экономикалық форум мен Zurich Insurance Group әзірлеген зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында ең жоғары орынға жайғасқан. Өзбекстан 76-орыннан көрінсе, Қырғызстан 93-сатыға тұрақтады. Сонымен қатар Қазақстан Филиппин, Әзербайжан, Оман, Мысыр және Марокко секілді танымал туристік бағыттарды басып озды.

Елдің көрсеткіші біртіндеп жақсарып келеді. Қазақстанның бағасы 2024 жылмен салыстырғанда 1,6 пайыз, ал пандемияға дейінгі 2019 жылғы деңгейден 2,4 пайыз өскен.

Аталған индекс туристер саны мен саланың табысын тікелей есептемейді. Зерттеу барысында елде туризмді тұрақты дамытуға қаншалықты қолайлы жағдай жасалғаны бағаланады. Қорытынды көрсеткіш көлік қатынасы, қауіпсіздік, қонақүй инфрақұрылымы, сондай-ақ табиғи және мәдени мұраларды сақтау секілді 17 бағыттағы 102 индикатор негізінде шығарылған.

Әлемдік рейтингте Жапония 5,27 балмен бірінші орын алды. Одан кейін АҚШ - 5,23 балл және Испания 5,22 балмен орналасты. Алғашқы ондыққа Австралия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Швейцария және Италия да енді.

Зерттеу авторлары әлемдік туризм саласы қайта жанданып келе жатқанын атап өтті. 2024–2026 жылдар аралығында рейтингке қатысқан елдердің 92 пайызы көрсеткішін жақсартқан. Бұған әуе қатынасының кеңеюі, қонақүй қызметі мен инфрақұрылымның дамуы әсер еткен.

2025 жылы халықаралық туристік сапарлар саны рекордтық деңгейге жетіп, 1,5 миллиардты құрады. Туризм саласының әлемдік экономикаға қосқан үлесі 11,6 триллион долларға бағаланып, секторда 366 миллион адам жұмыспен қамтылды.