Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасында үшжақты келіссөз басталды. Кездесуде соғысты тоқтату және бейбітшілікке қол жеткізу мәселелері талқыланады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесу үшжақты форматқа көшкенін Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров Telegram арнасында хабарлады.
"Украина - АҚШ- Ресей форматындағы үшжақты келіссөзге көштік", - деп жазды ол.
Умеровтің айтуынша, кездесудің күн тәртібінде соғысты тоқтату және бейбітшілікке қол жеткізу мәселелері бар.
Ресей делегациясын президенттің көмекшісі Владимир Мединский басқарып отыр. Ол келіссөз басында Біріккен Араб Әмірліктеріне қонақжайлығы үшін, ал АҚШ-қа бітімгерлік әрекеті үшін алғыс айтты.
Келіссөз 10-11 қарашаға жоспарланған. АҚШ атынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысып жатыр.
Украина делегациясын Рустем Умеров бастап келді. Оның құрамында президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, бірінші орынбасары Сергей Кислица, "Слуга народа" парламенттік фракциясының жетекшісі Давид Арахамия және Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасы бастығының орынбасары Вадим Скибицкий бар.
Бұл - ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы келіссөз раунды. Бұған дейін тараптар 23-24 қаңтарда және 4-5 ақпанда Абу-Дабиде, 17-18 ақпанда Женевада кездескен. Ол кезде тараптар соғысты тоқтату, қауіпсіздік және Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу шарттарын талқылаған.