Астанада тұрғын үйді жалға беру кезінде бірнеше рет алаяқтық жасаған әйел қайта сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін де сотталған және осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеу мерзімі кейінге қалған 37 жастағы тұрғын Қазақстанның әртүрлі қалаларында пәтер жалға беру туралы жалған хабарландыру жариялаған.
Ол өзін пәтердің иесі ретінде таныстырып, клиенттерді депозит немесе алдын ала төлем аударуға көндірген. Кейін түскен ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
Қысқа уақыт ішінде оның алаяқтық әрекетінен 13 адам зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 2,1 млн теңгеге жеткен.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазаны орындау мерзімі 3 жылға кейінге қалды.