Әлеуметтік желіде Тараз қант зауытын ресейлік кәсіпкерлер сатып алуы мүмкін деген ақпарат тарады. Сонымен қатар кәсіпорынды жаңғыртуға 12,4 млрд теңге жұмсалғаны айтылды. Dalanews.kz зауыттың сатылуына қатысты мәліметті нақтылау және жаңғырту жұмыстарының қалай қаржыландырылғанын білу үшін Жамбыл облысының әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Оқиға қалай өрбіді?
Facebook белсендісі Оңғар Қабден әлеуметтік желідегі парақшасында Тараз қант зауытын ресейлік кәсіпкерлер – Демидовтар сатып алуы мүмкін екенін жазды. Оның сөзінше, кәсіпорынды жаңғыртуға бюджеттен қаражат бөлінгені жөнінде де әңгіме тараған.
Осыған байланысты белсенді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке сауал жолдап, жаңғыртуға жұмсалған 12,4 млрд теңгенің қанша бөлігі республикалық және жергілікті бюджеттен, ал қаншасы жеке инвестиция есебінен бөлінгенін сұрады. Сондай-ақ жоба аясында мемлекеттік субсидия, жеңілдетілген несие немесе басқа да қаржылық қолдау көрсетілген-көрсетілмегенін нақтылауды өтінді.
Dalanews.kz редакциясы да әкімдіктен ықтимал мәміле, қаржыландыру көздері және көрсетілген мемлекеттік қолдау туралы ақпарат беруді сұрады.
Зауытқа 6 млрд теңге несие берілген
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы Тараз қант зауытына 2024-2025 жылдары 6 млрд теңге несие берілгенін хабарлады.
Қаражат “Қарапайым заттар экономикасы” және “Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы” аясында Қазақстан Халық банкі арқылы бөлінген.
“”Тараз қант зауыты” ЖШС-не 2024–2025 жылдар аралығында “Қарапайым заттар экономикасы” және “Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы” аясында “Қазақстан Халық банкі” АҚ арқылы 6 млрд теңге несие берілді”, – делінген ресми жауапта.
Алайда әкімдік әлеуметтік желіде айтылған 12,4 млрд теңгенің толық құрылымын ашып көрсетпеді. Атап айтқанда, қалған 6,4 млрд теңгенің кәсіпорынның өз қаражаты, жеке инвестиция немесе басқа қаржы көзі есебінен бөлінгені нақтыланбаған.
Басқарманың мәліметінше, зауытқа газ, электр энергиясы және өзге де қажетті инфрақұрылым тартуға байланысты мемлекеттік қолдау көрсетілмеген.
Кәсіпорын бір жылдан астам уақыт тоқтап тұрған
Ресми жауапқа сәйкес, жаңғырту жұмыстарына байланысты Тараз қант зауыты 2025 жылғы 10 шілдеден 2026 жылғы қазанға дейін жұмысын тоқтатқан.
Кәсіпорын 2026 жылғы 25 қазаннан бастап қант қызылшасын қайта қабылдай бастаған. Қант өндірісін қараша айында іске қосу жоспарланған.
“2026 жылдың 25 қазанынан бастап зауыт қант қызылшасын қабылдауды бастады. Қант өндірісін қараша айында бастауды жоспарлап отыр”, – деп хабарлады басқарма.
Дегенмен әкімдіктің жауабында жаңғырту кезінде нақты қандай жұмыстар атқарылғаны, өндірістік қуаттың қаншалықты артқаны және несие қаражатының қандай мақсаттарға жұмсалғаны көрсетілмеген.
Сатылымға қатысты нақты жауап жоқ
Редакция әкімдіктен Тараз қант зауытын ресейлік кәсіпкерлер сатып алады деген ақпараттың рас-өтірігін сұрады. Сонымен қатар келіссөз жүргізіліп жатса, әлеуетті сатып алушының кім екенін және мәміленің қай кезеңде тұрғанын нақтылауды өтінді.
Алайда басқарма бұл сұрақтарға жауап беру өзінің құзыретіне жатпайтынын мәлімдеді.
“Әлеуметтік желілерде “Тараз қант зауыты” ЖШС-не қатысты жарияланған басқа сұрақтарға жауап беру басқарманың құзырына жатпайды”, – делінген ресми хатта.