Еуропа елдерінде тұрмыстық техникаларға жасалатын кибершабуыл қаупі артуы мүмкін. Бұған дейін бірнеше елдегі супермаркеттердің тоңазытқыштарына жасалған шабуылдардан кейін хакерлердің келесі нысанасы үйдегі құрылғылар болуы ықтимал. Бұл туралы Еуропалық одақтың Киберқауіпсіздік жөніндегі агенттігінің (ENISA) басшысы Юхан Лепассар мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, кибершабуыл жасаушылар енді роутерлер мен басқа да тұрмыстық техникаларды нысанаға алуы мүмкін.
«Бүгін тоңазытқыштар болса, ертең роутерлер, арғы күні тұрмыстық құрылғылар және басқа да техника шабуылға ұшырауы мүмкін», – деді Юхан Лепассар.
Оның сөзінше, адамдар күнделікті пайдаланатын кез келген қызметтің цифрлық құрамдас бөлігі бар. Ал бұл жүйелер хакерлік шабуылға осал болуы мүмкін. Сонымен қатар жасанды интеллект кибершабуыл жасаушылардың да, оларға қарсы қорғанатын компаниялардың да мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Атап айтқанда, AI технологиялары жүйелердегі осал тұстарды анықтау үдерісін жылдамдатады.
ENISA өкілдері киберқауіпсіздік саласындағы тағы бір өзекті мәселені атап өтті. Агенттік мәліметінше, әртүрлі саладағы ұйымдар білікті мамандарды жұмысқа тарту және оларды қызметте ұстап қалу кезінде қиындықтарға тап болып отыр.
Осыған байланысты агенттік Еуропалық одақ мемлекеттерін киберқауіпсіздік бағдарламаларын кеңейтіп, саланы дамытуға бағытталған шараларды күшейтуге шақырды.