Кептелісті веложолмен айналып өтпек болған алматылық жүргізуші жазаланды

Кептелісті веложолмен айналып өтпек болған алматылық жүргізуші жазаланды
Фото: видеодан скрин

Алматыда қарбалас уақытта кептелісті айналып өтпек болған әйел көлігімен велосипедшілерге арналған жолға шығып кеткен. Жүргізушінің әрекеті видеоға түсіп, полиция назарына ілікті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құқық қорғау органдары көлік тізгініндегі әйелдің жеке басын анықтап, жол белгісінің талабын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ онымен жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Полиция өкілдері велосипед жолымен автокөлік жүргізуге тыйым салынатынын ескертті. Алайда тәртіп бұзушыға нақты қандай жаза қолданылғаны хабарланған жоқ.

Мұндай құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабында жауапкершілік көзделген. Жол ережесін алғаш рет бұзған жүргізушіге 3 АЕК, яғни 12 975 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.