Жәнібек Әлімханұлы «Канелоның» 2027 жылғы ықтимал қарсыластарының қысқа тізіміне енді

Жәнібек Әлімханұлы «Канелоның» 2027 жылғы ықтимал қарсыластарының қысқа тізіміне енді
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы 2027 жылы мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жек өткізуі мүмкін. Оның есімі мексикалық боксшының ықтимал қарсыластарының қысқа тізіміне енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мексикалық боксшының бапкері әрі менеджері Эдди Рейносо 2027 жылға арналған ықтимал қарсыластар тізімін жасақтаған. The Ring басылымының мәліметінше, бұл тізімге Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 нокаут) пен даниялық Якоб Банк (20-0, 11 нокаут) арасындағы жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы да енген.

Қазақстандық былғары қолғап шеберінің есімі екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жектерінің санатында көрсетілген.

Бұл тізімде мексикалық Хайме Мунгия, америкалық Кристиан Андраде, WBC нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы Лестер Мартинес және жартылай ауыр салмақтағы WBC чемпионы Вилли Хатчинсон да бар.

Сондай-ақ «Канело» командасы америкалық Теренс Кроуфорд және ресейлік Дмитрий Биволмен реванш өткізу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жекте жеңіске жетіп, чемпиондық атақты иеленсе, «Канеломен» кездесуі мүмкін.

Айта кетейік, Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жек 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласындағы Forum Horsens аренасында өтеді. Бұл кездесуде екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.

Бұған дейін британдық боксшы Хамза Шираз бұл чемпиондық белбеуден бас тартқан болатын.