Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылыту маусымында тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды. Үкімет басшысы қыс мезгілінде апаттық бригадалар мен арнайы техниканың толық дайын болуын талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
10 қарашада өткен Үкімет отырысында Олжас Бектенов еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымы басталғанын атап өтті.
Оның айтуынша, жаз айларында жылу және электр желілерін жөндеу, қажетті жабдықтарды дайындау жұмыстары жүргізілген. Тұтынушыларға жылу бекітілген кестеге сәйкес берілген. Алайда бірқатар қалада жылумен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер туындаған. Атап айтқанда, Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындарынан жылу сапасына байланысты шағымдар түскен.
Осыған байланысты Премьер-министр өңір басшыларына жылыту маусымына жауапты штабтардың жұмысын күшейтуді міндеттеді.
"Өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырамын. Қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыру қажет", – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы әсіресе әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өңір әкімдіктеріне тұрғындар үшін көмір бағасының тұрақтылығын және оның қолжетімді болуын қадағалау тапсырылды.
"Сонымен қатар өңір әкімдіктері халыққа қажетті көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауда ұстасын. Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, қажетті жабдықтар резервін әзірлеуге тиіс", – деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, жауапты мемлекеттік органдар жылыту жүйелеріндегі жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтап, ықтимал апаттарды жоюға қажетті құрал-жабдық қорын дайындауға тиіс. Ал қысқы жылыту маусымына қатысты жұмыстарды жалпы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.