6 қарашада Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасынан бірінші курс студенті Жанель Қарамысованың мәйіті табылды. Ол журналистика факультетінде оқыған және Алматыға Шымкенттен келген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, студент өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Алайда марқұмның анасы бұл болжамға сенбейтінін айтып, қызының өліміне қатысты барлық жағдайдың мұқият тексерілуін талап етті.
Криминальный Казахстан телеграм арнасының мәліметінше, анасы Жанельдің денесінде көгерген іздер болғанын жеткізген. Мәйітхана қызметкерлері кейбір іздердің адам қайтыс болғаннан кейін пайда болуы мүмкін екенін түсіндірген. Бірақ олардың нақты неден қалғаны әзірге анықталған жоқ.
Қыздың телефонын полиция тексеру үшін алып кеткен. Қазір оқиғаға байланысты әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Біреулер студент йод ішкен болуы мүмкін десе, кейбір студенттер оның бөлмеде белдікке асылған күйінде табылғанын айтқан.
Қайғылы оқиғаға дейін Жанель бөлмелесіне хабарлама жазып, оның қашан келетінін сұраған.
Полиция студенттің қайтыс болғанын растады. Қазір осы дерек бойынша тергеу жүріп жатыр. Марқұмның анасының айтуынша, сараптама қорытындысы шамамен бір айдан кейін дайын болады.