Таразда терезеден шырт түкірген полицейге қатысты іс тоқтатылды

Таразда терезеден шырт түкірген полицейге қатысты іс тоқтатылды
видео кадры

Таразда қызметтік көліктің терезесінен түкірген полицейге қатысты әкімшілік іс тоқтатылды. Сот отырысында ол түкіргенін мойындағанымен, бейнежазбада түкірік қай жерге түскені көрінбегендіктен, кінәсі дәлелденбеген деп танылды, деп хабарлайды dalanews.kz fbrk.kz-ке сілтеп.

Оқиға қалай болған?

Hronika.kz мәліметінше, 2026 жылғы 2 қарашада сағат 15:30 шамасында Тараздағы Кенесары хан көшесінде патрульдік полиция инспекторы қызметтік көліктен түкірген.

Бұл оқиғаны Instagram желісінде 318 мыңнан аса оқырманы бар блогер Аян Сауранбаев видеоға түсіріп алған. Жазба жарияланған соң Жамбыл облысының полиция департаменті қызметтік тексеріс жүргізіп, полицейге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша хаттама толтырған.

Сот неге істі тоқтатты?

4 қарашада Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты 38 жастағы аға лейтенант Ерлан Айтжановқа қатысты істі тоқтатқан.

Полицей түкіргенін мойындап, тамағы ауырып, қатты жөтелген соң солай істегенін жеткізген. Сот бейнежазбадан оның көліктен түкіргенін көргенімен, түкірік жерге түскен сәті кадрға түспегенін анықтаған. Осыған байланысты сот полицейдің қоғамдық жерді ластағаны дәлелденбеген деген шешімге келген.

Видео авторы Аян Сауранбаев сот шешімімен келіспей, прокуратураға шағым түсірді.