Қостанайда интернаттың бұрынғы тәрбиеленушісі «Отбасы банкпен» соттасты

Қостанайда интернаттың бұрынғы тәрбиеленушісі «Отбасы банкпен» соттасты
pixabay.com

Қостанайда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азамат мектеп-интернаттың салдарынан тұрғын үй кезегіне уақытында тіркелмегенін айтып, «Отбасы банкпен» соттасты. Тараптар медиациялық келісімге келіп, азаматтың кезекке қойылған күні 2020 жылдан 2009 жылға ауыстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, талап қоюшы 2007 жылдан бастап ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жатады. Ол мектеп-интернатта тәрбиеленген.

Талап қоюшының айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзі тәрбиеленген білім беру ұйымы оны 2009 жылы тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде есепке қоюы керек болған. Алайда интернат бұл міндетті орындамаған.

Салдарынан азамат 2020 жылы тұрғын үйге мұқтаждар есебіне өз бетінше тіркелуге мәжбүр болған. Кейін ол «Отбасы банктің» тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қатысты құқықтық мирасқоры ретінде әрекет ететін ұйымға жүгініп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіндегі тіркелген күнін өзгертуді талап еткен.

Сотқа жүгінген азамат кезекке қойылған күнді 2020 жылдан 2009 жылға ауыстыруды сұрады. Тараптар келіссөздер нәтижесінде ортақ шешімге келіп, медиациялық келісім жасасты.

Келісім бойынша жауапкер талап қоюшының мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіндегі тіркелген күнін 2020 жылдан 2009 жылға өзгертуге міндеттенді. Сот медиациялық келісімді бекітіп, тараптар қол жеткізген уағдаластық толық орындалғанын хабарлады.