Жылу тұрақты беріледі, көмір қоры жеткілікті: Энергетика министрі жылыту маусымының өту барысы туралы баяндады

Жылу тұрақты беріледі, көмір қоры жеткілікті: Энергетика министрі жылыту маусымының өту барысы туралы баяндады

Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымының алғашқы кезеңінің қорытындысы шығарылды. Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жылу электр орталықтарындағы апаттық жағдайлардың азаюына қандай шаралар ықпал еткенін, қай қалаларда жарты ғасыр бұрын тартылған жылу магистральдары толық ауыстырылғанын және көмірмен қамтамасыз ету бойынша әкімдіктерге қандай міндеттер жүктелгенін баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Инфрақұрылымды жаңғырту: станциялардағы апаттық жағдайлар азаю себебі қандай?

Болжам бойынша, биылғы қыс энергетикалық жүйеге түсетін жүктеменің артуымен ерекшеленеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қатты аяз кезінде елдің энергетикалық жүйесіндегі ең жоғары жүктеме өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артып, 18 200 МВт-қа жетеді деп күтілуде.

Осы жүктемені қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдың 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 2,3%-ға артып, 102 млрд кВт·сағ-ты құрады. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі 27%-ға ұлғайтылды.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық қаражат бағытталды. Оның ішінде электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге, электр желілеріне 393 млрд теңге, жылу магистральдарына 198 млрд теңге бөлінді.

Қысқы кезең басталғанға дейін энергетиктер 8 энергоблокты, 49 қазандықты және 37 турбинаны жөндеуден өткізді. Сондай-ақ 17,1 мың шақырым электр беру желісін, 444 қосалқы станцияны және 377 шақырым жылу желісін жөндеу жоспары толық орындалды.

«Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Барлық тұтынушы электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Еліміздің энергия көздерінде қажетті жабдықтар құрамы қамтамасыз етілді. Қалған жөндеу жұмыстары тек резервтік қуаттар есебінен жүргізіліп, жылу мен электр энергиясын жеткізуге ешқандай әсер етпейді. Жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52%-ға, жылу желілерінің тозу деңгейі 48%-ға дейін төмендеді. Ал технологиялық бұзушылықтардың жалпы саны 6%-ға, оның ішінде электр станцияларының өзінде 8%-ға қысқарды», – деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында.

Жарты ғасырлық тозығы жеткен құбырлар жаңартылуда

Соңғы жылдары өңірлерде өткен ғасырдың 70–80-жылдарында тартылған ескі магистральдық құбырлар негізгі мәселелердің бірі болып келді. Өткен жазда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар қалада ең тозығы жеткен жылу желілері ауқымды түрде ауыстырылды.

«Степногорск қаласында 53 жыл пайдаланылған 9,5 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды. Талдықорғанда бірінші кезең аясында 46 жыл қызмет еткен қаланың негізгі жылу магистралінің 3,5 шақырымы жаңартылды. Петропавлда 1980 жылы салынған, жалпы ұзындығы 4,3 шақырым болатын магистральдің екі учаскесі қайта жаңғыртылды. Қарағандыда тозу деңгейі 81%-ды құрайтын ірі жылу магистралін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Аталған жобалардың барлығында қазақстандық өндірістен шыққан заманауи энергия тиімділігі жоғары алдын ала оқшауланған құбырлар пайдаланылғанын атап өткім келеді. Бұл тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау сенімділігін арттырып қана қоймай, жаңадан салынып жатқан нысандарды қосу үшін қажетті резерв қалыптастыруға мүмкіндік берді», – деді Ерлан Ақкенженов.

Осындай жаңғырту жұмыстары электр желілерінде де жүргізілді. Астанада 30 мыңнан астам абонентті электр энергиясымен қамтамасыз ететін 14 шақырым тарату желісі қайта жаңғыртылды.

Қарағанды облысында тозу деңгейі сыни көрсеткішке – 92%-ға жеткен Қарағайлы желісінің жабдықтары толық ауыстырылып, «Жосалы» қосалқы станциясы жаңартылды. Сонымен қатар резервтік электрмен жабдықтау схемасы құрылды.

Батыс Қазақстан облысында ескі әуе электр желілері заманауи, жоғары температураға төзімді әрі тозуға берік сымдарға ауыстырылды.

Көмірмен қамтамасыз ету және қаржылық тәртіп

Жылу электр орталықтары мен мемлекеттік аудандық электр станцияларының отын қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті нормативтік қор жасақталды. Бүгінде олардың қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут бар. Бұдан бөлек, қыркүйек айынан бастап өңірлерге бекітілген кестеге сәйкес 255 мың тонна әлеуметтік мазут жөнелтілуде.

Энергетика министрлігі жеке сектор тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды арнайы Республикалық штаб үйлестіреді.

«Ағымдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген жалпы қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды. Оның 5,7 млн тоннасы тікелей халықтың қажеттілігіне тиесілі. Бүгінгі таңда өңірлерде 4,5 млн тонна көмір дайындалды. Бұл жылдық жоспардың 62%-ын құрайды. Жергілікті жерлердегі әкімдіктер отын қорын жасақтау барысын тұрақты бақылауда ұстап, негізсіз дүрбелеңнің туындауына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауы керек», – деп атап өтті Энергетика министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар Үкімет жанындағы комиссия энергетикалық кәсіпорындар алдындағы мерзімі өткен берешек мәселесін шешу жұмыстарын жалғастыруда. Соңғы уақытта дебиторлық берешектің жалпы көлемі 11%-ға, яғни 72 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Министрдің айтуынша, өңірлерде берешекті өтеу бойынша бекітілген кестелер электр станцияларына жеткізілетін газ үшін төлемдерді уақытылы жүргізуге және қыс бойы жабдықтардың қажетті резервін тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.