Жаңбырдан кейін Алматы көшелерін су басып, тұрғындар наразылық білдірді

Жаңбырдан кейін Алматы көшелерін су басып, тұрғындар наразылық білдірді
Фото: gov.kz

Алматыда толассыз жауған жаңбырдан кейін қаланың бірқатар көшесінде су жиналды. Әлеуметтік желі қолданушылары жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған бөліктердің жай-күйін көрсетіп, арық жүйесінің нөсер суын өткізе алмай жатқанына шағымданды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тұрғындардың сөзінше, жауын-шашын кезінде кей учаскелермен жаяу жүру қиындап, көлік қозғалысына да кедергі келген. Алматылықтар мұндай жағдайдың жаңбыр жауған сайын қайталанатынын айтып, су бұру жүйесінің тиімділігіне күмән келтірді.

Алматы әкімдігі 10 қарашада ауа райының күрт бұзылатынын алдын ала ескерткен. "Қазгидромет" болжамына сәйкес, жауын-шашын 10 қараша кешінен 12 қарашаға қараған түнге дейін жалғасады.

Қолайсыз ауа райына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Әкімдіктің мәліметінше, су басу қаупінің алдын алу және оның салдарын жою үшін 1 579 адамнан құралған 85 жедел бригада кезекшілік атқарады. Жұмысқа 415 техника мен 97 мотопомпа дайындалып, 2 950 қап құм әзірленген. Бұған қоса, қаланы күнделікті тазалау жұмыстарына 3 080 жұмысшы мен 1 225 арнайы техника тартылмақ.

Айта кетейік, 9 қарашадағы әкімдік мәліметі бойынша, Алматыда арық жүйесіне қатысты 129 проблемалық учаске анықталған. Соның 125-інде жұмыс аяқталып, қалған төрт учаскеде жөндеу жалғасып жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды су басу мәселесін кешенді шешіп, жаңбыр суын жинайтын және бұратын арнайы резервуарлар салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған.

Еске салайық, бұған дейін де алматылықтар Тараз және Масанчи көшелерінде, сондай-ақ "Алтын Орда" базары маңында жаңбыр суының жиналатынын айтып, бірнеше рет шағымданған. Қала билігі кей жағдайда арықтардың тұрмыстық қоқыс пен топырақтан бітелуі судың өтуіне кедергі келтіретінін мәлімдеген.