Алматы облысындағы Шарын шатқалы 2026 жылғы The Worldworthy 100 халықаралық рейтингінде 17-орынға ие болды. Сонымен қатар ол өз санатында Қазақстанның үздік табиғи нысаны деп танылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Халықаралық рейтингке әлемнің 46 елінен 100 каньон мен шатқал енген. Шарын шатқалы Worldworthy бағалау жүйесі бойынша 10 балдың 9,48 балын жинап, 17-орынға тұрақтаған.
Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ-тағы әйгілі Үлкен каньон (Grand Canyon) рейтингте төртінші орынға жайғасқан. Ал тізімнің көшін Нью-Йорк штатындағы Летчворт шатқалы бастаған.
The Worldworthy 100 рейтингі келушілердің пікірлері мен ұсыныстары, халықаралық туристік гидтер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ ашық дереккөздер негізінде жасалады. Қорытынды нәтижелер редакциялық тексеруден өтеді.
Шарын шатқалы миллиондаған жыл бойы қалыптасқан жартасты бедерімен, ерекше геологиялық құрылымдарымен және көркем табиғатымен танымал.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, Worldworthy редакциясы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне халықаралық рейтинг лауреатының арнайы сертификатын жолдаған.
Шарын шатқалының әлемдегі үздік табиғи нысандар қатарына енуі Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға және бірегей табиғи мұрасын сақтауға деген халықаралық қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді.