Жоғарғы Соттың жаңа судьясы сайланды

Жоғарғы Соттың жаңа судьясы сайланды
Фото: Freepik

Қазақстан Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне Асан Ескендіров сайланды. Оның кандидатурасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып, Құрылтай депутаттары қолдау білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

11 қарашада өткен Құрылтайдың жалпы отырысында Жоғарғы Сот судьясын сайлау мәселесі қаралды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабының 10-тармақшасына сәйкес, Жоғарғы Соттың судьялары Президенттің ұсынуымен Құрылтайда сайланады.

Мемлекет басшысының Асан Ескендіровке қатысты ұсынысын депутаттарға Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов таныстырды.

Ол кандидаттың сот жүйесіндегі тәжірибесіне тоқталып, ұзақ жылдар бойы түрлі деңгейдегі соттарда қызмет атқарғанын атап өтті.

"Құрылтай қарауына Жоғарғы Сот судьясы лауазымына Асан Ескендіровті сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсынымы енгізілді. Асан Қайруллаұлы 30 жылдан астам уақыт бойы барлық сот инстанцияларында қызмет етті... Осы орайда бұл ұсынымды қолдауларыңызды сұраймын", – деді Дмитрий Малахов.

Жалпы отырыста депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдады. Нәтижесінде Асан Ескендіров Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып сайланды.

Асан Ескендіров кім?

Асан Қайруллаұлы Ескендіров 1971 жылы дүниеге келген. 1996 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1991 жылы Көкшетау облыстық Ішкі істер департаментінде сарапшы болып бастаған. Бұл қызметті 1994 жылға дейін атқарған.

1994-1996 жылдары Көкшетау облысының Әділет департаментінде кеңесші, жетекші маман және бас маман лауазымдарында жұмыс істеді.

1996 жылы Көкшетау қалалық сотының судьясы болып тағайындалып, сот жүйесіндегі қызметін бастаған.

Кейін 1998-1999 жылдары Астана қаласының Алматы аудандық сотында, ал 1999–2002 жылдары Ақмола облыстық сотында судья қызметін атқарды.

2002 жылдан бастап Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын басқарды. Бұл қызметте 2008 жылға дейін еңбек етті.

2008-2012 жылдары Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болды.

Ал 2012 жылғы шілдеден 2015 жылғы желтоқсанға дейін Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына жетекшілік етті.

Бұдан кейін Асан Ескендіров Қазақстан Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет атқарды.

2022 жылдың желтоқсанында ол Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы лауазымына тағайындалған.