Тоқаев ҰҚШҰ елдерінің басшыларымен өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Тоқаев ҰҚШҰ елдерінің басшыларымен өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады
Aqorda

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Саммитке Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.

Отырыс барысында мемлекет басшылары ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылап, ұйымның 2026 жылы атқарған жұмысының қорытындысын шығарды. Сондай-ақ алдағы кезеңдегі қызметтің басым бағыттарын айқындап, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге алғыс айтып, Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға нәтижелі төрағалық еткенін атап өтті.

Қазақстан Президенті халықаралық терроризмге, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағыттарында күш-жігерді біріктіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының ықпалы артып келе жатқанын ескеріп, осы саладағы қауіпсіздік мәселелеріне назар аударды.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ға келесі кезеңде төрағалық ететін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды құттықтап, оған жауапты миссияны атқаруда табыс тіледі.