Банктердегі доллар саудасы рекордтық деңгейге жетті

Банктердегі доллар саудасы рекордтық деңгейге жетті
Фото: Pixabay

Қазан айында Қазақстанның екінші деңгейлі банктері биржадан тыс нарықтан 40,8 млрд доллар сатып алды. Бұл – 18,3 трлн теңгеге тең. Ал сатылған доллар көлемі 40,7 млрд долларды немесе 18,2 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Доллар сатып алу мен сатудың 86%-ы шетелдік банктерге, ал 14%-ы қазақстандық банктерге тиесілі.

Бұл - 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Доллар сатып алу көлемі 40 млрд доллардан екінші рет асып отыр. Мәселен, қыркүйекте 40,6 млрд доллар болған. Ал сату көлемі бұл межеден алғаш рет асты.

Банктердің доллар саудасындағы белсенділігі 2025 жылдың қазанынан бері жоғары деңгейде сақталып келеді. Кейінгі 13 айда ай сайын орта есеппен 34,8 млрд доллар көлемінде операция жасалған.

Рубль мен теңге арасындағы сауда да 2024 жылдың екінші жартысынан бері көбейген. Еуро мен теңге бойынша операциялар соңғы 19 айдың 17-сінде жоғары деңгейде болды. Дегенмен бұл екі валюта бойынша сауда көлемі бұрынғы рекордтық көрсеткіштерге жеткен жоқ.

Ал қазан айында юаньмен жасалған операциялар өте аз болды. Bloomberg дереккөздерінің болжамынша, қазақстандық банктер шетелдік клиенттер үшін юаньмен мәмілелерді теңге арқылы емес, басқа валюталармен жүргізуі мүмкін. Сондықтан мұндай операциялар Ұлттық банктің статистикасына енбей қалуы ықтимал.

Сонымен қатар 2025 жылдың қазанынан бері биржадағы доллар саудасы да жоғары деңгейде қалып отыр.