Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы жүріп жатқан аумақта көлік қозғалысының сызбасы өзгереді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматыда метроның бірінші желісінің үшінші кезегін іске асыру жобасы аясында №1 бекеттің құрылысы жүргізілетін аумақта жол қозғалысының сызбасы өзгереді.
Қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мәліметінше, №1 бекет Алатау даңғылы бойында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай орналасады.
Осыған байланысты 13 қарашадан бастап құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл аумақтан жаңадан салынған айналма жол арқылы өтуге болады.
Еске салайық, метроның бірінші желісінің үшінші жобасы аясында ұзындығы шамамен 5,3 шақырым болатын аралық тоннельдер мен үш бекет салу көзделген.
№2 бекет Алатау даңғылы бойында, болашақта салынатын Төле би көшесімен қиылысатын аумақта орналасады. Ал №3 бекетті "Барлық" базары аумағында салу жоспарланып отыр.