Бойжеткенді өлтіріп, ақшасын досына аударған: Астанада қылмыскерге сот үкімі шықты

Бойжеткенді өлтіріп, ақшасын досына аударған: Астанада қылмыскерге сот үкімі шықты
Фото: Криминальный Казахстан

Ер адам бойжеткенмен биыл қаңтар айында интернет арқылы танысып, кейін екеуі кездесіп жүрген. Алайда біраз уақыттан соң қыз қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдап, Таиландқа ұшуды жоспарлаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Криминальный Казахстан дереккөзінің мәліметінше, 4 ақпанда олар қайта кездесіп, бойжеткен уақытша тұрып жатқан құрбысының пәтеріне барған. Іс материалдарына сәйкес, сол жерде ер адам оны тұншықтырып өлтірген.

Қылмыстан кейін ол марқұмның банк шотындағы ақшаны өзінің досына аударып, такси шақырып, оқиға орнынан кетіп қалған. Досы қаражаттың не үшін жіберілгенін сұрағанда, күдікті жауап орнына смайлик жолдаған.

Келесі күні ол досынан ақшаны қолма-қол шешіп беруді өтініп, Таразға кетпек болған. Алайда жолда полиция қызметкерлері оны ұстады. Осы уақытта бойжеткеннің денесін әпкесі мен құрбысы тауып үлгерген еді.

Сотталушы ақшаны иемденгенін мойындағанымен, адам өлтіру бабын абайсызда кісі өліміне әкеп соқтыру деп өзгертуді сұраған. Сот оның бұл уәжімен келіспей, 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Үкім заңды күшіне енді. Ал марқұмның әпкесі тағайындалған жазаны тым жеңіл деп есептейді.