Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары қайтыс болды

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары қайтыс болды
Рахымбек Әміржанов. Фото: facebook.com/tupqaragansayasat

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері Рахымбек Әміржанов 62 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарға байланысты Түпқараған ауданының әкімдігі марқұмның отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Рахымбек Әміржановтың қайтыс болғаны туралы ақпарат Түпқараған ауданы әкімдігінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.

Аудан әкімдігі, ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңес өкілдері марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, оның өңірдің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, Рахымбек Әміржанов саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңірген. Ол қызмет атқарған жылдары білікті басшы, іскер ұйымдастырушы және ел мүддесіне адал қызмет еткен азамат ретінде танылған.

Аудан әкімдігі марқұмның адамгершілік қасиеттері мен кәсіби біліктілігі әріптестері мен замандастарының жадында сақталатынын жеткізді. Сондай-ақ Рахымбек Әміржановтың өмір жолы мен атқарған еңбегі кейінгі буынға үлгі екені атап өтілді.