Қазақстанда PhD докторанттарының ай сайынғы стипендиясын 2029 жылға дейін 500 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, қазір PhD докторанттары ай сайын шамамен 260 мың теңге стипендия алады. Соңғы бес жылда оның мөлшері екі есе өскен. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
«2029 жылға дейін стипендия 500 мың теңгеге дейін өседі. Бізде осындай жоспар бар», - деді Саясат Нұрбек.
Оның сөзінше, бұл бастама жас ғалымдарды қолдауға бағытталған. Бұдан бөлек, мемлекет жас зерттеушілерді баспанамен қамтамасыз етуге де көмектесіп келеді.
«Мемлекет басшысының қолдауымен жас ғалымдар баспаналы болып жатыр. Соңғы екі жылда 813 жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етілді», - деді министр журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.