Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған міндетті аударымдарын пайдалану тетігін жетілдіру ұсынылды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында осы мақсатқа 4,5 млрд теңге түскен. Алайда қаражатты тиісті жобаларды қаржыландыруға бағыттау мәселелері бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әңгіме жер қойнауын пайдаланушылардың өндіру шығындарының 1%-ы мөлшерінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударуға міндетті қаражаты туралы болып отыр.
Баяндамада бұл қаражат өнеркәсіп пен ел экономикасына қажетті зерттеулер мен технологияларды қолдауға бағытталуы тиіс екені атап өтілді. Алайда ақшаның түсуінен бастап, нақты ғылыми жобаларды қаржыландыруға және нәтижесін өндіріске енгізуге дейінгі толық тетік қалыптасуы қажет.
Осыған байланысты Үкіметке міндетті аударымдарды пайдалану тәртібін жетілдіру ұсынылды. Атап айтқанда, қаражатты бөлек есепке алу және ғылыми жобаларды ашық конкурстық іріктеу тетігін енгізу қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қаржы министрлігі қаржыландыру мен мониторингке жауапты оператор ұйымды айқындауы керек. Оны таңдау кезінде қолданыстағы ұйымдардың мүмкіндіктерін, әкімшілендіру шығындарын бағалап, бірдей функциялардың қайталануына жол бермеу ұсынылды.
Ғылыми аударымдарды ең алдымен өндіру мен өңдеу тиімділігін арттыру, ресурстарды үнемдеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология және өндірістік үдерістерді цифрландыру бағыттарына жұмсау көзделіп отыр.
Баяндамада қаражаттың нақты жобаларға уақтылы жетуі және зерттеу нәтижелерінің іс жүзінде қолданылуы негізгі өлшем болуы тиіс екені атап өтілді.