Қазақстанда колониялардағы сотталғандарды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру дерегі тергеліп жатыр

Қазақстанда колониялардағы сотталғандарды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру дерегі тергеліп жатыр
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу басталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ішкі істер министрлігіне қарасты «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорнының басшылығын ұстады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұсталғандар қатарында кәсіпорын директоры Ермек Шурманов пен азық-түлікпен қамтамасыз ету басқармасының басшысы Фуркат Худайбергенов бар. Олар елдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет нұсқасы бойынша, күдіктілер сотталғандарға арналған азық-түлік қорын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырған болуы мүмкін.

Қауіпсіздік органдарының назарына түзеу мекемелерінен түскен шағымдар легі іліккен. Тексеру нәтижесінде «Еңбек» РМК-да азық-түлік жеткізуге қатысты күмәнді схема құрылғаны анықталған. Атап айтқанда, миллиардтаған теңгенің азық-түлік жеткізілімі бір компанияның қолына шоғырланып, жасанды монополия қалыптасқан.

Мұның салдарынан азық-түлік тапшылығы туындап, түзеу мекемелеріне сапасыз, тіпті шіріген өнімдер жеткізілгені айтылып отыр. Қазір күдіктілер қамауға алынған. Тергеу органдары мемлекетке келтірілген залалдың нақты көлемін анықтап жатыр.

Бақылаушылардың пікірінше, ІІМ құрылымындағы лауазымды тұлғалардың ұсталуын министрлік пен оның басшысы Ержан Сәденов үшін елеулі беделдік соққы деп бағалауға болады.

«Қорғансыз жағдайда отырған адамдарды асырауға бөлінген бюджет қаражатын иемденіп, оларға сапасыз өнім беру онсыз да күрделі жағдайда тұрған колониялардағы ахуалды ушықтырды. Бұл наразылық пен бүлік шығу қаупін тудырды. Мәселені Ішкі істер министрлігінің өз қауіпсіздік қызметі емес, ҰҚК-нің бейінді бөлімшесі анықтағаны ведомство ішіндегі бақылау жүйесінің жағдайына қатысты көп жайтты аңғартады. Жүйе ішіндегі лауазымды тұлғалардың бюджет қаражатын осындай ашық түрде жымқыруы министрлік басшылығының жеке жауапкершілігі туралы мәселені күн тәртібіне шығарады», – деп жазады шолушылар.