Әлеуметтік желіде Шымкент қалалық білім басқармасынан 20-ға жуық қызметкердің жаппай жұмыстан кеткені туралы ақпарат тарады. Қоғам белсендісі Оңғар Қабден қызметкерлердің бұл әрекетіне ұзаққа созылатын жиналыстар себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді. Осыған байланысты Dalanews.kz редакциясы білім басқармасына ресми сауал жолдап, мән-жайды анықтады.
Білім басқармасынан неше қызметкер кеткен?
Бұған дейін қоғам белсендісі Оңғар Қабден әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа оқу жылы басталғалы Шымкент қалалық білім басқармасынан 20-ға жуық қызметкер өз еркімен жұмыстан кеткенін жазған еді.
“Оқу жылы басталғанына бір жарым ай болды. Ал Шымкент қалалық білім басқармасынан 20-ға жуық қызметкер жұмыстан өз еркімен кетіп қалған. Әкім орынбасарының 15:00-де басталып, 21:00-ге дейін созылатын жиналысынан қажыса керек. Сонда алты сағаттық жиналыста не мәселені талқылайды екен?”, – деп жазды қоғам белсендісі.
Осы ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтау үшін Dalanews.kz редакциясы Шымкент қалалық білім басқармасына ресми сауал жолдады.
Басқарма редакцияға берген жауабында әлеуметтік желіде тараған мәліметті жоққа шығарды.
“Әлеуметтік желіде жарияланған Шымкент қаласының білім басқармасы қызметкерлерінің жаппай жұмыстан шығуына қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіндігін хабарлаймыз. Нақтырақ айтқанда, аталған кезеңде басқармадан 4 қызметкердің еңбек қатынастары тоқтатылған”, – делінген ресми жауапта.
Қызметкерлер не себепті жұмыстан кеткен?
Білім басқармасы төрт қызметкердің жұмыстан кетуіне қатысты да түсініктеме берді.
Мекеме мәліметінше, еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген тәртіпке сәйкес тоқтатылған. Әр қызметкердің жағдайы жеке қаралған.
Сонымен қатар басқарма жұмыстан кеткен қызметкерлердің шешіміне мекеме басшылығының қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
“Аталған қызметкерлердің жұмыстан шығуына Білім басқармасының басшылығы себеп болған жоқ”, – деп хабарлады ведомство.
Алайда ресми жауапта қызметкерлердің нақты қандай себептермен жұмыстан кеткені және олардың қандай лауазымдарды атқарғаны көрсетілмеген.