Алматыда 12 жастағы Абылайханның өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Баланы пышақтап өлтірген 13 жастағы жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылмай, бір жылға арнайы мектеп-интернатқа орналастырылған. Марқұмның туыстары бұл шешімге келіспей, заңнаманы өзгертуді талап етіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға осыдан бес ай бұрын Алматы қаласында болған. Алтыншы сыныпты аяқтаған 12 жастағы Абылайхан екі оқушы арасындағы жанжал кезінде қаза тапқан.
Жарияланған мәліметке сәйкес, жасөспірімге 16 рет пышақ жарақаты салынған. Алдын ала ақпарат бойынша, екі оқушы арасындағы жанжалға қыз балаға қатысты келіспеушілік себеп болған.
Алайда күдікті оқиға кезінде 13 жаста болғандықтан, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Жасөспірім бір жылға арнайы интернатқа жіберілді
Басылымның хабарлауынша, іс қылмыстық сот талқылауына жетпей тоқтатылған.
Оқиғадан кейін жасөспірім төрт ай бойы психиатриялық медициналық мекемеде ем қабылдаған. Кейін ол Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа бір жыл мерзімге орналастырылған.
Сондай-ақ оның ата-анасына 86 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғаны хабарланды.
Полиция өкілдері қолданыстағы заң бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамның жасы 14-ке толмаса, оған қылмыстық жауапкершілік қолданылмайтынын түсіндірген.
«Немеремнің өлімі үшін әділ жаза берілген жоқ»
Марқұм Абылайханның әжесі Сағадат Өсенова қабылданған шешімге наразылығын білдірді.
Ол немересінің өліміне қатысты жағдайдың осылай аяқталғанына қынжылып, кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілік жасына қатысты талаптарды қайта қарауды сұрады.
«Менің итімді өлтіргендей болып келіп-кетті. Сонда қалай?! Сонда барлығы, 13 жастағы балалардың барлығы 14-ке толмадық деп, өлтіре береді ме?! Сол бес айдың ішінде мен біліп отырған төрт өлім бар. 13 жастағы бала өлтіріп кетіп жатқан. Біз білмегеніміз қанша?!» – деді Сағадат Өсенова.
Әжесінің сөзінше, қолданыстағы құқықтық тәртіп немересінен айырылған отбасының әділдікке деген талабын қанағаттандырмаған.
Адвокат қылмыстық жауапкершілік жасын төмендетуді ұсынды
Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғап жүрген адвокат Арман Шәріпов те заңнамадағы жас шектеуіне байланысты пікір білдірді.
Оның ұсынысы бойынша, ауыр қылмыс жасаған балаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік жасын 12 жасқа дейін төмендету мәселесін қарастыру қажет.
«Жауапкершілікті 12 жастан бастап енгізу керек. Неге десеңіз, қазір балалар жасанды интелект дейміз, интернет дейміз, он екі жастағы бала ересек адамдардан да ақылды. Олардың өрісі бізден де дамыған. Олар қаншалықты мынау қоғамға қауіпті екенін, қауіпті еместігін бізден жақсы біледі. Он екі жастағы балалар қылмыс жасаған болса, тиісті түрде жауапқа тартылуы керек», – деді адвокат.
Бұл – жәбірленуші тарап адвокатының ұсынысы. Қазіргі уақытта Қазақстанда аталған мәселе бойынша заң өзгертілгені туралы ақпарат жоқ.
Марқұмның отбасы кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілік жасын қайта қарауды талап етіп, тиісті органдарға жүгінуге дайындалып жатыр.
Осылайша, Абылайханның өліміне қатысты оқиға балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және ауыр құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік жасын белгілеу мәселесін қайта көтерді.