Алматыда кәуапханалар мен дәмханаларға тексеріс күшейді

Алматыда кәуапханалар мен дәмханаларға тексеріс күшейді
Алматы әкімдігі

Алматының Түрксіб ауданында дәмхана, кәуапхана, дүкен және басқа да коммерциялық нысандардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлерге отын, мангал пайдалану және ауаны тазарту жүйелеріне қойылатын талаптар ескертілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматының Экология және қоршаған орта басқармасы мәліметінше, мамандар бірнеше қоғамдық тамақтану орнына барған. Нысан иелеріне көмір мен отынның орнына газ немесе электр жабдықтарын пайдалануға көшу қажет екені айтылған.

Қатты отын жағу кезінде ауаға түтін, күйе және зиян заттар тарайды. Бұл жақын маңдағы тұрғын үйлерде тұратын адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Санитариялық қағидаларға сәйкес тұрғын үйлерде және басқа да ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдар мен тандырларды пайдалануға тыйым салынады. Тағам дайындау үшін газ және электр жабдықтары, сондай-ақ, түтін мен иісті сүзгіден өткізетін желдету жүйелері қолданылуға тиіс. Қосымша шектеулер Алматы мәслихатының 2025 жылы 30 желтоқсанда бекіткен Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында да көзделген. 

Кәсіпкерлерге жыл соңына дейін табиғи газға көшіп, экологиялық талаптарды сақтау ұсынылды.

Сонымен қатар, дәмханалардың біріне Алматы қаласын көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл көлемі 20 АЕК болды.

2026 жылы 10 қарашадағы жағдай бойынша қалада көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 1 млн 211 мың теңге болатын 11 әкімшілік хаттама толтырылған. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану орындарымен бірге басқа да саладағы ұйымдар бар.