Алматыда толассыз жауған жаңбырдан кейін кейбір көшелер мен қоғамдық орындарды су басты. Әлеуметтік желіде метро станцияларының бірінің кіреберісіне су жиналғаны туралы ақпарат тарады. Қалада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Алатау метро бекетінің кіреберісін су басқан видео тарады.
Әкімдік қазіргі уақытта метро бекетінің кіреберісі судан тазартылғанын мәлімдеді.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 10 қараша кешінен бастап Алматыда жаңбыр жауып келеді. 11 қараша сағат 10:00-дегі жағдай бойынша қалада 23 миллиметр жауын-шашын түскен. Медеу ауданында бұл көрсеткіш 26 миллиметрге, ал Каменское платосында 36 миллиметрге жеткен.
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының хабарлауынша, түн ішінде қаланың бірнеше ауданында су жиналған жерлер тіркелген. Қазір коммуналдық қызметтер көшелер мен аулалардағы су басу жағдайларының салдарын жоюда.
Қолайсыз ауа райының салдарын жою және алдын алу үшін жалпы саны 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада кезекшілікке шыққан. Жұмысқа 415 арнайы техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылған. Сонымен қатар 2 950 қап құм дайындалған.
Бір тәулікте 3 253 жол жұмысшысы қызмет атқарып жатыр.
Алматыда жаңбыр қашан тоқтайды?
Синоптиктердің болжамынша, 11 қараша күні күннің соңына дейін үзіліспен жаңбыр жауады. Тағы 10 миллиметрге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді деп күтіледі. Күндіз ауа температурасы +5…+7 градус болады. Ал 12 қарашада жауын-шашын болмайды. Алайда тұман түсуі мүмкін.
Осыған байланысты қала тұрғындарына жолда абай болу, көлік жылдамдығын төмендету және автокөліктерді су жиналуы ықтимал жерлерге қоймау ұсынылды. Сондай-ақ қатты жел кезінде ағаштардың астында және жарнама құрылымдарының маңында тұрмауға кеңес берілді.