әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент қаза тапты. Бүгін Құрылтайда өткен брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz zakon.kz-ке сілтеп.
Министр не деді?
"Біз бірден қамқоршыларымен байланысқа шықтық. Университет барлық шығынды өз мойнына алды. Барлық қаражатты, төлемдерді де өтедік. Қандай да бір көмек қажет болса, әкесімен де, қамқоршыларымен де тікелей байланыстамыз. Бізден талап етілген барлық әрекетті орындадық. Сотқа дейін тергеу органдарының әрекеті туралы ақпарат жарияланбауы керек", - деді министр.
Студенттің өлімі туралы не белгілі?
Айта кетейік, желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, бірінші курс студенті 6 қарашада кешке ҚазҰУ қалашығында қаза тапқан. БАҚ мәліметінше, қыз Алматыға Шымкенттен келген.
Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Әзірге істің егжей-тегжейі жарияланған жоқ.