Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов өз еркімен қызметінен босатылды. Шенеуніктің орнына жаңа орынбасар тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Мейіржан Мұқасовтың қызметтен кеткенін растады. Осыған байланысты қала әкімінің жаңа орынбасары қызметіне Айдулат Кенжебеков тағайындалған.
Жаңа орынбасарға ішкі саясат, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, жұмыспен қамту, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламалар салаларына жетекшілік ету міндеті жүктелді.
Айдулат Кенжебеков бұған дейін Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған.
Жаңа әкім орынбасары туралы не белгілі?
Айдулат Кенжебеков 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген.
2008 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын сол жылы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында жоспарлау-шарт бөлімінің бас маманы міндетін атқарушы болып бастаған.
Кейін аталған мекемеде бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2019-2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Ал 2022 жылдың желтоқсанынан бастап Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.
Енді ол Атырау қаласы әкімінің орынбасары ретінде бірнеше маңызды салаға жауапты болады.