Шиелі ауданының прокуратурасы инвестордың өтінішін қарау мерзімін негізсіз созу, оның құқықтарын шектеу және тиісті шешім қабылдаудан бас тарту фактісін анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атап айтқанда, «VIGOR Holding» ЖШС-не жұмыс жобасында көзделген инженерлік дәліз шегінде Шиелі кентінің аумағында орналасқан жер учаскелеріне жария сервитут белгілеу қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты инвестор Шиелі кентінің әкімдігіне тиісті аумаққа жария сервитут белгілеу туралы қаулы қабылдау жөнінде өтінішпен жүгінген. Алайда Шиелі кентінің әкімі өтінішті қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан.
Прокуратураның араласуы нәтижесінде инвесторға жария сервитут белгілеу туралы тиісті қаулының қабылдануына ықпал ету арқылы көмек көрсетілген. Сонымен қатар кент әкімі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.