"Күйеуім сектаға түсті": Нұртас Адамбайдың жұбайы мәлімдеме жасады

"Күйеуім сектаға түсті": Нұртас Адамбайдың жұбайы мәлімдеме жасады

Танымал қазақстандық актер әрі режиссер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде отбасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Ол күйеуінің психолог Төребек Бекбаевтың ықпалына түскенін айтып, оның көзқарастары балалар тәрбиесіне кері әсер етіп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ғалия Адамбай Instagram парақшасында бірнеше жазба жариялап, соңғы жылдары отбасында туындаған келіспеушіліктер туралы баяндады. Оның айтуынша, Нұртас Адамбай психолог Төребек Бекбаевтың бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарын қолдайды. Ал Ғалия бұл көзқарастармен келіспейтінін ашық білдірген.

Атап айтқанда, әйелінің сөзінше, режиссер балаларды өз қалауынан тыс ешқандай әрекетке мәжбүрлеуге болмайды деген қағиданы ұстанады.

Ғалия мұндай тәсілдің күнделікті тұрмыста, әсіресе балалардың денсаулығы мен тамақтануына қатысты мәселелерде қиындық тудыратынын мәлімдеді.

"Үш жасар баланың тісін тазалату үшін күн сайын күресуге тура келетін үйде өмір сүру – азап. Балаларды дұрыс, құнарлы әрі пайдалы тамақпен қамтамасыз ету де қиынға соғады", – деп жазды Ғалия.

Оның айтуынша, Нұртас Адамбай өз денсаулығына ерекше көңіл бөліп, дұрыс тамақтануға, дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдауға және гаджеттерді шектеуге мән береді. Алайда Ғалия күйеуінің балалар тәрбиесіне келгенде басқа ұстанымда екенін айтып, осы жағдайға наразылығын білдірді.

Ғалия Адамбайдың сөзінше, аталған көзқарастарға байланысты отбасында соңғы бес жыл бойы түсініспеушіліктер болған. Ол психологтың идеяларын ұстанатын адамдар тобын "секта" деп атап, бұл құбылысты "төребекшілдік" деп сипаттады.

"Секта осылай жұмыс істейді. Әйелдер мен балалар зардап шегеді. Мен барлық құжат пен мамандардың қорытындысын жариялаймын. Оның да уақыты келеді. Қазір мен үшін балаларымның жағдайы маңызды", – деді ол.

Сонымен қатар Ғалия күйеуінің кейбір әрекеттері өзін қайтадан көпшілік алдында сөйлеуге мәжбүр еткенін мәлімдеді.

"Күйеуімнің "төребекшілдік" сектасында болуы маған үнсіз қалуға мүмкіндік бермей отыр. Өзінің қоқан-лоққысы мен оғаш әрекеттері арқылы мені қайта сөйлеуге мәжбүрлеп жатыр", – деп жазды Ғалия.

Ол алдағы уақытта айтқан сөздерін растайтын құжаттар мен мамандардың қорытындыларын жариялауға ниетті екенін жеткізді. Әйелдің айтуынша, қазіргі басты мақсаты – балаларының жағдайына көңіл бөлу.