Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыру кезінде 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар, сондай-ақ 47 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы ғылым саласындағы мемлекеттік қаражат пен активтерді пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтады. Тексерудің негізгі нәтижелері 11 қараша, сәрсенбі күні Құрылтайдың жалпы отырысында қаралды. Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары, сондай-ақ 47 млрд теңгенің қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды», – делінген хабарламада.
2026 жылы ғылымның мәртебесі конституциялық деңгейде бекітілді. Адами капиталды, ғылым саласын және инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалды.
2022-2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі екі еседен астам өсіп, 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде Ұлттық ғылым академиясы құрылып, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту басталды. Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау шаралары қабылданды.
Алайда жүргізілген аудит ғылым саласында жүйелі мәселелердің әлі де сақталып отырғанын көрсетті.
Атап айтқанда, ғылымға жұмсалатын шығындардың ел экономикасындағы үлесі жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16%-ын құрайды. Ал белгіленген мақсатты көрсеткіш 1% деңгейінде. Сонымен қатар қаржыландыру көлемінің артуы негізінен мемлекет есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Мемлекеттің үлесі 55%-дан 82%-ға дейін өскен.
Аудиторлардың бағалауынша, бұл бизнестің ғылыми әзірлемелерге деген сұранысының төмендігін және зерттеулерді қаржыландыруға қатысуының шектеулі екенін көрсетеді.
Ғылым саласындағы жоспарлар бірнеше рет өзгертілген
Аудиторлар ғылым саласын басқаруда жүйеліліктің жоқтығына да назар аударды. 2021-2025 жылдары төрт тақырыптық бағдарламалық құжат қолданыста болған. Алайда олардың үшеуінің іске асырылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Сонымен қатар бірқатар мақсатты көрсеткіш қайта қаралып, төмендетілген. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындардың нысаналы көрсеткіші жалпы ішкі өнімнің 2%-ынан 0,5%-ына дейін, зерттеушілер санының өсу көрсеткіші 50%-дан 7%-ға дейін, ал жеке сектордың бірлескен қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға дейін қысқартылған.
Ғылыми тапсырыстарды қалыптастыру тәсілі де сұрақ туғызған.
«2025-2027 жылдарға жеті басымдық пен 153 мамандандырылған бағыт бекітілген. Алайда мұндай ауқымды тізім болған жағдайда кез келген зерттеуді дерлік басым бағытқа жатқызуға болады. Ғылыми-техникалық тапсырмалар көбіне жалпы сипатта әзірленеді. Оларда нақты нәтиже, оны тексеру өлшемдері және өндіріске енгізу тетігі көрсетілмейді. Мұндай тапсырмалардың едәуір бөлігі салалық сұраныспен негізделмеген. 2023-2025 жылдарға арналған 393 тапсырманың жалпы сомасы 67 млрд теңге болатын 149-ы іске асырылмаған», – деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.
Ғылыми жобаларды іріктеу кезінде де заңбұзушылықтар анықталған
Аудит ғылыми жобаларды іріктеу барысында да кемшіліктер бар екенін көрсетті.
Мәселен, 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Соның салдарынан ғылыми зерттеулердің бүкіл циклі кейінге шегерілген. Материалдарды Ұлттық ғылыми кеңестердің қарауына жіберу де 93 күнге дейін кешіктірілген.
Бұдан бөлек, 545 жоба бойынша экономикалық сараптаманың қаржыландыруды шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту жөніндегі ұсынымдары ескерілмеген.
Аудиторлар жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысының тәуекелдерін де анықтады.
Атап айтқанда, ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңгені құрайтын 127 жобаның зерттеу топтарына қатысқан. Олардың 27-сі ғылыми жобалардың жетекшісі болған. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтайдың жалпы отырысында ғылымға бөлінетін мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды.
62 млрд теңге жұмсалған жобалардың шығындары толық нақтыланбаған
Аудит нәтижесінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 79 жобаға шығындарды егжей-тегжейлі бөлместен 62 млрд теңге бағытталғаны белгілі болды.
Бұл ретте орындаушылар жобаның қорытынды бағалауы жүргізілгенге дейін оның жалпы құнының 96-98%-ын алып қояды. Осылайша, қорытынды есеп қабылданбаған жағдайда да бөлінген қаражаттың басым бөлігі орындаушылардың қолында қалады.
«Жалпы сомасы 16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу қамтамасыз етілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы жүргізген мониторинг ауытқуларды тіркегенімен, бұл тиісті шешімдердің қабылдануына әкелмеген. 2025 жылы орталық 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтарды анықтаған. Алайда Ұлттық ғылыми кеңестер бұл ақпаратты назарға алумен ғана шектелген», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ғылыми зерттеулердің тиімділігі көбіне формалды көрсеткіштер арқылы бағаланады. Олардың қатарында ғылыми жарияланымдар саны, қорғау құжаттары мен әзірлемелерді енгізу актілері бар.
Алайда мұндай көрсеткіштердің өзі нақты технологиялық, өндірістік немесе өзге де практикалық нәтижелерге қол жеткізілгенін растамайды. Қолданыстағы жүйеде ғылыми жоба бойынша жұмыс іс жүзінде есеп дайындаумен аяқталады. Ал оның нәтижелерінің кейін қалай пайдаланылатыны тиісті деңгейде бақыланбайды.
Мәселен, аудит барысында іріктеліп тексерілген 60 патент бойынша оларды пайдалану жөніндегі келісімдер табылмаған.
22 млрд теңгенің 103 жобасы күткен нәтижеге жетпеген
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселесі де өзекті болып отыр.
Ғылым қорының деректеріне сәйкес, коммерцияландырудың ресми көрсеткіші 44%-ды құрайды. Алайда есепті жыл бойынша салыстырмалы әдіспен есептегенде бұл көрсеткіш небәрі 16% болған.
«Нақты нарықтық нәтиже де шектеулі. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і, яғни 27%-ы соңғы үш жылда өнімді тұрақты сатуды қамтамасыз еткен. Ал жалпы сомасы 22 млрд теңгені құрайтын қалған 103 жоба өнім өндіру және сату көлемі бойынша күтілген нәтижелерге қол жеткізбеген», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Аудиторлардың бағалауынша, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 1% мөлшерінде міндетті аударым жасау тетігі де қолданбалы ғылымды қаржыландырудың толыққанды көзіне айналмаған.
Бұған міндеттемелердің орындалуына бақылаудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ түскен қаражаттың ғылыми айналымнан шығарылып, депозиттерге орналастырылуы, бағалы қағаздарға инвестициялануы және РЕПО операцияларында пайдаланылуы себеп болған.
36 іс бойынша материалдар уәкілетті органдарға жолданды
Жоғары аудиторлық палата ғылым саласын басқарудың тиімділігін арттыру үшін үдерістерді одан әрі цифрландыру және қаражат пен жобалардың бірыңғай есебін енгізу қажет деп есептейді.
Бұл ғылыми жобалардың бүкіл жолын, яғни қаржы бөлінген сәттен бастап нақты нәтижеге қол жеткізуге және оны тәжірибеде қолдануға дейінгі кезеңдерді бақылауға мүмкіндік береді. Аудит қорытындысы бойынша 36 дерекке қатысты материалдар кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданған.
Тағы үш факт бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.
«Аталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың барысын жүйелі түрде бақылап отырады», – деп қорытындылады Әлихан Смайылов.