Бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасовқа сот үкімі шықты

Бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасовқа сот үкімі шықты
коллаж: Dalanews.kz

Алматыда бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасовқа қатысты сот үкімі шықты. Ол пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша ақталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімді бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық соты жариялады. Мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы ынтымақтастыққа қатысты қылмыстық іс бойынша барлығы бес адам сотталды.

Атап айтқанда, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сот оларды бірнеше бап бойынша, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен зиянды бағдарламаларды пайдалану деректері бойынша кінәлі деп таныды. Алайда кейбір айыптар бойынша екеуі де ақталды.

Орталықтың тағы екі қызметкері – Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін үш жылға сотталды. Алайда рақымшылық жасау туралы заң қолданылғаннан кейін олардың жазасы екі жылға дейін қысқарды.

Руслан Омаров пен Дәулет Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен жұмыс істей алмайды.

Төрт сотталушы сот залында қамауға алынды. Бесеуі де жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. Сонымен қатар сот 75 мың АҚШ долларын мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, Ақмади Сарбасов бес жылға жуық уақыт Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2025 жылғы сәуірде ол Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарды. Алайда бірнеше айдан кейін оған қатысты тергеу басталды.

Еске салайық, тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражат «Бірінші кредиттік бюро» мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты еншілес ұйым - «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ арасындағы ынтымақтастықтың заңсыз бөлігі аясында берілген. Бұл ұйым қазақстандықтардың табысы туралы барлық мәліметті жинайды. Ал мұндай ақпарат несие беру кезінде клиенттің төлем қабілетін бағалау үшін аса маңызды саналады. Банктер мен қарапайым азаматтар бұл мәліметтерді «Бірінші кредиттік бюро» және Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы алады.

Сонымен қатар, «Бірінші кредиттік бюро» аталған орталықпен ресми түрде, қол қойылған келісімдер негізінде жұмыс істеген. Бірақ бұл жағдайда орталық басшылығына не үшін пара берілгені тергеу барысында басты сұрақтардың біріне айналған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 2020 жылы орталықтың сол кездегі басшысы Дәулет Арғындықов «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаровпен заңсыз келісім жасасқан. Соның нәтижесінде жекеменшік компания көрсетілген қызметтен түскен табыстың 35 пайызына дейін алып отырған. Ал дәл осы салада жұмыс істейтін Мемлекеттік кредиттік бюро 30 пайыз ғана табыс таба алған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, мұндай келісімнің кесірінен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» өз табысы азайған.

Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі Арғындықов орталыққа сұраныстарды кідіріссіз әрі көп көлемде өңдеуге мүмкіндік беретін ақпараттық сервистің орнатылуын мақұлдады деп күдіктенеді. Бір қарағанда, мұнда заңсыз ештеңе жоқ сияқты.

Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мен Мемлекеттік кредиттік бюроны байланыстыратын ақпараттық арналарға жүйенің жұмысын баяулататын зиянды бағдарлама әдейі енгізілген. Соның салдарынан «Бірінші кредиттік бюро» азаматтардың төлем қабілеті туралы мәліметті алуда басымдыққа ие болған. Демек, қызметтің жылдамдығына байланысты клиенттер осы бюроға көбірек жүгінген.

Істе екінші бұрынғы вице-министр Ақмәди Сарбасовтың да рөлі көрсетілген. Өткен жылдың көктемінде ол Дәулет Арғындықовтың орнына «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті болып тағайындалып, алдыңғы басшы бекіткен шарттармен «Бірінші кредиттік бюро» басшылығымен жұмысты жалғастырған. Тергеу мәліметінше, ірі көлемдегі қолма-қол ақша соның үшін берілген.

Осыған байланысты Ақмәди Сарбасовқа пара алу және қызметтік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған. Ал оның әріптесі Дәулет Арғындықовқа қызметтік өкілетін асыра пайдалану, пара беру және зиянды бағдарламалық жасақтама орнату айыптары тағылып отыр. «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаровқа қызмет бабын асыра пайдалануға қатысқаны және пара бергені үшін айып тағылған.

Құқық қорғау органдарының есебінше, орталыққа келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллиард теңгеге жеткен. Қылмыстық іс фигуранттарының 1 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынған.