Қазақстандықтардың жартысынан астамында қаржылай қор жоқ: Ұлттық банк сауалнамасы нені көрсетті?

Қазақстандықтардың жартысынан астамында қаржылай қор жоқ: Ұлттық банк сауалнамасы нені көрсетті?
Фото: ЖИ

Қазақстандықтардың жартысынан астамында күтпеген шығынға жұмсайтын жинақ жоқ. Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға қатысушылардың 58 пайызы ақша жинамайтынын айтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зерттеу 2026 жылғы қазанда жүргізілген. Оған 18 жастан асқан 1,5 мың адам қатысқан. Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 28,8 пайызында ғана жинақ бар.

Қыркүйекте жинағы жоқ тұрғындардың үлесі 60,3 пайыз болған. Бір айдың ішінде бұл көрсеткіш 58 пайызға дейін төмендеген. Алайда ел тұрғындарының басым бөлігінде әлі де қаржылай қор жоқ.

Сауалнамада отбасылардың ай сайынғы табысы да зерттелген. Қатысушылардың 30,4 пайызы отбасының жалпы кірісі 150-300 мың теңге аралығында екенін көрсеткен. Тағы 23,4 пайызы айына 300-500 мың теңге табады. Ал отбасылық табысы 500 мың теңгеден асатындардың үлесі 13,8 пайызды құраған.

Респонденттердің 12,9 пайызы отбасының айлық табысы 100-150 мың теңге аралығында екенін айтқан. Қатысушылардың шамамен 15 пайызы айына 100 мың теңгеден аз қаражатқа күн көреді.

Зерттеу тұрғындардың қаржылай жағдайы қалай өзгергенін де көрсетті. Қатысушылардың 48,9 пайызы кейінгі бір жылда тұрмысы бұрынғы деңгейде қалғанын айтқан. Ал 31,3 пайызы қаржылық жағдайының нашарлағанын жеткізген. Тұрмысы жақсарғандардың үлесі 14,8 пайыз болған.