Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыруға жүргізілген аудит қорытындысы бойынша үш ғылыми ұйымның басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тексеру барысында үш жыл ішінде 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, аудит нәтижесінде анықталған 51 млрд теңгенің 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілген. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланып отыр.
«Үш жыл ішінде 51 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Аудит барысында осы соманың 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтаруды күтіп отырмыз. Ол үшін тиісті нысандар бойынша нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз ету қажет», - деді Нұрлан Нұржанов.
Аудит қорытындысы бойынша төрт адам қызметінен босатылған. Тағы екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал 18 адамға қатысты да әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен қатар үш материал процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қызметінен босатылғандардың қатарында Ғылым институтының төрағасы, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы және Ғылым қорының жетекшісі бар екенін нақтылады. Сондай-ақ ғылыми процестерді ұйымдастыруға жауапты өзге де тұлғалар қызметінен кеткен.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыру кезінде 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығын, сондай-ақ 47 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланып, пайдаланылғанын анықтағаны хабарланған болатын.