"Қазақстанның инвестициялық қоры" банкротқа ұшыраған екі кәсіпорынның мүлкін тағы да саудаға қойды. Қор бұл өндірістік кешендерді қарыз алушылардан 2019 жылы қабылдап алған. Алайда содан бері нысандарға жаңа иесі табылмаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кентаудағы зауыт 643 млн теңгеге бағаланды
За нами уже выехали телеграм арнасының мәліметінше, Кентауда орналасқан бағыттамалы бұрма зауыты бұрын Шымкенттегі "Оңтүстікполиметалл" өнеркәсіптік корпорациясына тиесілі болған. Компания 2018 жылы банкрот деп танылды. Оның инвестициялық қор алдындағы берешегі 2,72 млрд теңгеге жеткен.
2019 жылы қор кепілге қойылған зауытты 525 млн теңгеге қабылдап алды. Бұл кәсіпорын қарызының 20 пайызына да жетпейтін сома еді.
Сол кездегі қабылдау актісінде жалпы аумағы 18 мың шаршы метр болатын өндірістік цехтардың жағдайы "қанағаттанарлықсыз" деп көрсетілген. Ал станоктар, престер мен крандарды қоса есептегендегі 122 жабдықтың барлығы бөлшектелгені жазылған.
Қазір осы мүлік аукцион құжаттарында пайдалануға жарамды деп көрсетіліп, 643 млн теңгеге бағаланып отыр. Бұл қордың зауытты қабылдап алған кездегі құнынан 118 млн теңгеге жоғары.
Нысан биыл қаңтар және қыркүйек айларында да саудаға шығарылған. Алайда екі аукционға да қатысуға өтінім түспеген.
Солтүстік Қазақстандағы өндірістік кешені
Екінші нысан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Чкалово ауылында орналасқан. Жалпы аумағы 8,8 гектарды қамтитын өндірістік кешеннің негізгі бөлігі – бұрын "Баско" серіктестігіне тиесілі болған құрамажем зауыты.
Кәсіпорын импорттық жабдықтармен жарақтандырылған. 2005 жылы оның баланстық құны 484 млн теңге болған. Саудаға шығарылған мүлік құрамына құрамажем зауытынан бөлек, наубайхана, шұжық және кондитерлік цехтар, ауылдық мәдениет үйі мен жатақхана да кірген.
Бағалаушының қорытындысында наубайхана, шұжық және кондитерлік цехтар апатты әрі пайдалануға жарамсыз деп көрсетілген. Мәдениет үйінің де жағдайы нашар. Ал жабдықтар ұзақ уақыттан бері электр желісінен ажыратылғандықтан, олардың жұмыс істейтіні тексерілмеген.
Соған қарамастан, аукцион сипаттамасында кешен пайдалануға жарамды нысан ретінде берілген. Оның бастапқы бағасы – 502 млн теңге. Кешен қазан айында да осы бағаға сатылымға шығарылғанымен, сатып алуға ниет білдіргендер болмаған.
Екі нысан бойынша кезекті аукцион 27 қарашада өтеді.