Шымкентте пәтерден өрт шығып, 67 жастағы ер адам қаза тапты

Шымкентте пәтерден өрт шығып, 67 жастағы ер адам қаза тапты
Видеодан кадр: КТК

Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 67 жастағы ер адам көз жұмды. Көршілерінің айтуынша, марқұм төсекте темекі шегіп жатып ұйықтап қалған болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға түнгі уақытта Шымкенттің Теріскей шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Алдымен тұрғындар үшінші қабаттағы пәтерден шыққан түтіннің иісін сезген. Олар үй иесіне хабар беру үшін есігін қаққанымен, іштен ешкім жауап қатпаған.

Кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер шақырылған. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғын үйге жедел жетіп, адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға кіріскен. Өрт кезінде ғимараттан сегіз адам эвакуацияланған.

Құтқарушылар өртеніп жатқан пәтердің есігін бұзып ашқан. Өртті сөндіру барысында үй ішінен 67 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Оның денесін от шарпыған.

Көршілерінің айтуынша, қайтыс болған ер адам пәтерде жалғыз тұрған. Тұрғындар оның ішімдік ішетінін айтып, өрттің шығуына темекі тұқылы себеп болуы мүмкін деген болжам білдірген. Марқұмның көршісі Ұлжан Қартанова болған жағдай туралы айтып берді.

"Жалғызбасты ер адам, бір өзі тұратын. Бала-шағасын білмеймін, бар ма, жоқ па... Тұрғанына төрт жылдай болып қалды. Үнемі арақ ішетін. Темекі шегіп жатып ұйықтап қалып, аяғы өртеніп қайтыс болған", – деді ол.