10 қарашада шамамен сағат 17:30-да Петропавл қаласындағы «102» арнасына Жұмысшы кентінің тұрғынынан 13 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Бала таңертең үйден шығып, қайтып оралмаған. Өзімен бірге ұялы телефоны болмаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жасөспірімді іздеуге патрульдеуде болған полицияның кешенді күштері бағытталды. Барлық қызметтер, оның ішінде жедел әрекет ету арнайы отрядының жауынгерлері жұмылдырылды. Жұмысшы кенті мен оның төңірегіндегі аумақтарды тексеру үшін үш дрон көтерілді. Орталық жедел басқару пунктінің инспекторлары бейнебақылау камераларының жазбаларын қадағалады.
Олармен бірге Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Төребек Калелов жұмыс істеді. Ол камера жазбаларынан баланы анықтап, оның Жұмысшы кентінің шетіндегі Зайцев көшесіне дейінгі жүрген жолын бақылап отырды.
Шамамен сағат 18:30 жасөспірім бір үйдің жанында орнатылған декоративті пешке тығылып отырған. Кейін бала, полиция қызметкерлеріне пеште жылынып, ұйықтап қалғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары оны тауып, аман-есен үйіне алып келді. Ата-анасы полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтты.
Бала бұған дейін үйден өз еркімен кетпеген. Жасөспірімнің іс-әрекетіне себеп болған жағдайларды кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандар анықтап жатыр. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері ата-анамен және баламен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.