Астанада Қытайдың Нинбо қаласының мәдени және туристік әлеуеті таныстырылды. Іс-шара барысында Қазақстан мен Қытайдың туристік компаниялары мен мәдениет ұйымдары ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
10 қарашада өткен «Сәлем, Қытай!» жобасы аясындағы таныстырылымға Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Чэнь Кэфань қатысты. Іс-шараны Қытай Мәдениет және туризм министрлігі Астанадағы Қытай мәдени орталығының, қалалық мәдениет, радио, телевидение және туризм басқармасының, сондай-ақ Нинбо қаласының өнер ұжымдары тобының бірлескен қолдауымен ұйымдастырды.

Жиынға 60-тан астам адам қатысты. Олардың арасында Қазақстандағы Еуразиялық туризм қауымдастығының өкілдері, екі елдің туристік компаниялары, мәдениет және туризм саласының мамандары болды.
Өз сөзінде Чэнь Кэфань соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және туристік ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл байланыстар екі ел халықтарының өзара түсіністігі мен достығын нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Дипломат Қытай мен Қазақстанның мәдениет және туризм саласындағы өкілдері аталған шараны екі ел нарығының әлеуетін одан әрі ашуға, ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге және практикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге мүмкіндік ретінде пайдаланатынына үміт білдірді. Сондай-ақ Қытай елшілігі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Іс-шара аясында Нинбо қаласының делегациясы өңірдің мәдени және туристік әлеуетін таныстырып, вокалдық және би қойылымдарынан тұратын концерттік бағдарлама ұсынды.
Бұдан бөлек, Қытай мен Қазақстанның мәдениет және туризм саласындағы ұйымдары мен туристік компаниялары ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.