Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев PARAQTA онлайн кітапхана платформасының негізін қалаушылармен кездесті. Кездесу барысында отандық цифрлық жобаны дамыту, кітап қорын толықтыру және жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесуге PARAQTA платформасының авторлары мен негізін қалаушылары қатысып, жобаның жұмысымен және қол жеткізген нәтижелерімен таныстырды. Министр олардың әлеуметтік желілердегі жазбаларына назар аударып, бастаманың даму перспективаларын талқылауға шақырған.
Кездесу барысында Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және зерделі ұлт тәрбиелеу жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап айтқанда, министрлік үйлестіріп отырған «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері таныстырылды. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам адам тіркеліп, қатысушылар 842 мыңнан астам кітап оқыған. Сонымен қатар оқырмандар кітап туралы пікірлерімен бөлісіп, өзгелерді оқуға ынталандыратын 50 мыңнан астам бейнежазба жариялаған.
Кездесуде PARAQTA платформасының мүмкіндіктері де таныстырылды. Жоба оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, оқу барысын бақылауға және бастаған кітабын соңына дейін оқып шығуға ынталандыруға бағытталған. Платформаның ерекшелігі – мұнда электронды кітаптармен қатар, қағаз кітап оқу да есепке алынады.
Жоба өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта PARAQTA платформасында 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты аяқтаған. Сонымен қатар платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.
Жобаға биыл бір жыл екі ай толған. Алты ай бұрын оның веб-сайты іске қосылса, жуырда мобильді қосымшасы App Store дүкенінде қолжетімді болды.
Кездесу барысында платформаны одан әрі дамытуға қажетті мәселелер де көтерілді. Соның ішінде кітап қорын толықтыру негізгі басымдықтардың бірі ретінде аталды. Қазіргі таңда платформада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылған. Дегенмен оқырмандар тарапынан қосымшада тікелей оқуға болатын кітаптар санын көбейту жөнінде ұсыныстар жиі түседі.
Осыған байланысты министрлік өкілдері кітап қорын заңнама талаптарына сәйкес толықтыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ PARAQTA жобасының аясында офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау және өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде пікір алмасты.
Айта кетейік, PARAQTA – қазақстандық оқырмандарға арналған цифрлық платформа. Оның негізгі мақсаты – кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру, оқырмандар қауымдастығын қалыптастыру және қоғамдағы оқу мәдениетінің дамуына үлес қосу.