Алматыда ғылыми жобаларға бөлінген 1,15 млрд теңгені жымқырды деген компания басшысы ұсталды

Алматыда ғылыми жобаларға бөлінген 1,15 млрд теңгені жымқырды деген компания басшысы ұсталды
pixabay.com

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тергеу барысында 2023–2024 жылдары «Bal halal» ЖШС Ғылым қорынан төрт жобаға жалпы сомасы 1,15 млрд теңге қаржы алғаны анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жобалар өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін өндіруді және микронутриенттермен байытылған ұн шығаруды көздеген.

Бөлінген қаражатқа өндірістік жабдықтар сатып алу, цехтарды дайындау, шикізат пен қажетті бөлшектер алу, монтаждау және жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ дайын өнім шығаруды ұйымдастыру жоспарланған.

Алайда тергеу эксперименттері кезінде сатып алынған жабдықтардың жобада көзделген өнімді өндіруге жарамсыз екені анықталған.

Ақшаны басқа компаниялардың шоттары арқылы шығарған

Тергеу мәліметінше, қаражатты шығару үшін үлестес тұлғалардың атына тіркелген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған. Жабдықтар мен өзге де қызметтердің ақысын төлеу деген желеумен аталған компанияның шоттарына 736,4 млн теңге аударылған.

Сондай-ақ бұл іске «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» ЖШС және «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігі де қатысқан.

Сонымен қатар жобалардың орындалуын бақылау жұмыстары формалды түрде жүргізілген. Мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай-ақ және атқарылған жұмыстарды тексермей жасалған. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Осылайша мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылап отырғандай көрініс қалыптастырылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың 88,5 млн теңгесін кейін «Bal halal» ЖШС шоттарына қайта салып, оны жобаларды бірлесіп қаржыландыруға арналған өзінің қаражаты ретінде көрсеткен.

Мемлекетке 945 млн теңге шығын келген

Нәтижесінде мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгені құраған.

Күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен оның құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынған. Олардың қатарында:

5 жер учаскесі;

4 автокөлік;

елордадағы пәтер;

коммерциялық нысан;

зергерлік бұйымдар бар.

Қазіргі уақытта тергеу аяқталған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.