Көлігі жырадан табылған: Абай облысында жоғалған ер адам өлі күйінде табылды

Көлігі жырадан табылған: Абай облысында жоғалған ер адам өлі күйінде табылды
Фото: Абай облысы ПД

Абай облысында бір аптаға жуық уақыт бойы із-түзсіз жоғалған 44 жастағы Ринат Ахметовтің мәйіті табылды. Бұған дейін оның Lexus LX 570 автокөлігі жырадан анықталған болатын. Алдын ала болжам бойынша, ер адам суықтан үсіп қайтыс болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1982 жылы туған Семей қаласының тұрғыны Ринат Ахметов 4 қараша күні үйінен шығып кеткен. Содан кейін жақындарымен байланысқа шықпаған. Ер адамның жоғалуына байланысты іздестіру жұмыстары басталған. Іздеу барысында оның Lexus LX 570 маркалы жол талғамайтын көлігі Бородулиха ауданындағы жырадан табылған. Алайда автокөліктің ішінен жүргізуші табылмағандықтан, полиция мен құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жалғастырған.

11 қараша күні сағат 15:40 шамасында тәртіп сақшылары жоғалған азаматтың мәйітін анықтады. Марқұмның денесі Бородулиха ауданына қарасты Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы ашық даладан табылған.

Полиция ер адамның өліміне қатысты алдын ала болжамын жариялады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін. Қайтыс болудың нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деп хабарлады полиция.

Ринат Ахметовті іздеуге ауқымды күш жұмылдырылған. Іздестіру шараларына 60-тан астам полиция қызметкері, соның ішінде Абай облыстық полиция департаментінің 30 арнайы жасақ қызметкері қатысқан. Сондай-ақ ер адамды іздеуге Төтенше жағдайлар органдарының 10 маманы, 50 әскери қызметші, төрт ерікті және жоғалған азаматтың 10 туысы мен досы атсалысқан.

Іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар да көмек көрсеткен. Атап айтқанда, жетуі қиын және жол жағдайы күрделі аумақтарды тексеру үшін тұрғындардың 12 тракторы мен полицияның екі квадроциклі пайдаланылған. Құтқарушылар мен тәртіп сақшылары бірнеше күн бойы далалық аумақтарды тексеріп, жоғалған адамның жүрген жерін анықтауға тырысқан.