Қазақстандықтар зейнетақы жинағын сақтандыру компанияларына жиі аудара бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) сақтандыру компанияларына 564,4 миллиард теңге аударған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 109,7 пайызға көп. Тек үшінші тоқсанда аударылған қаражат көлемі 271,6 миллиард теңгеге жетті.
Осы кезеңде өмірді сақтандыру компанияларының активтері 36,1 пайызға өсіп, 3,1 триллион теңгеге жетті. Ал зейнетақы аннуитеттерінен түскен сақтандыру жарналары 130,5 пайызға артып, 757,6 миллиард теңге болды. Қазір бұл төлемдер өмірді сақтандыру компаниялары жинайтын барлық жарнаның 65,6 пайызы болады.
Сақтандыру компанияларының клиенттерге төлеген қаражаты да 92,2 пайызға өсіп, 197,3 миллиард теңгеге жетті. Төлемдердің басым бөлігі зейнетақы аннуитеттеріне тиесілі. Ал компаниялардың таза пайдасы 6,8 пайызға азайып, 164 миллиард теңге болды.
Мамандардың дерегінше, нарықтағы негізгі үрдіс - қазақстандықтардың зейнетақы жинағын сақтандыру компанияларына көбірек аударып, зейнетақы аннуитеттерін жиі рәсімдей бастауы. Дегенмен БЖЗҚ-дағы қаражатты аудармас бұрын келісімшарт талаптарын, болашақ төлем мөлшерін және шектеулерді мұқият зерделеу қажет.