Ғылымға бөлінген 67 млрд теңге нәтиже бермеген: Смайылов саладағы олқылықтарға шүйлікті

Ғылымға бөлінген 67 млрд теңге нәтиже бермеген: Смайылов саладағы олқылықтарға шүйлікті
Фото: Үкімет

Қазақстанда ғылым саласына бөлінетін қаржы бірнеше есе артқанымен, оның өндіріс пен экономикаға беріп отырған нақты нәтижесі әлі де мардымсыз. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтайда жасаған баяндамасында осы саладағы бірқатар жүйелі мәселені атады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның дерегінше, 2022-2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда ғылыми шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі жоспарланған 1 пайызға жетпей, небәрі 0,16 пайызды құраған.

«Қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, тиісті технологиялық нәтиже болған жоқ. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелді екенін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді», – деді Әлихан Смайылов.

Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін артқан. Ал тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесі керісінше 13 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеген.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ғылымға қомақты қаржы бөлінгенімен, оның халыққа тигізіп отырған нақты пайдасы байқалмайтынын сынға алған еді.

«Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз», – деген еді Мемлекет басшысы.

Аудит ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың тұрақсыз екенін де көрсеткен. 2021–2025 жылдары қолданыста болған төрт бағдарламалық құжаттың үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығындардың ЖІӨ-дегі жоспарлы үлесі 2 пайыздан 0,5 пайызға, ал зерттеушілер санының өсу көрсеткіші 50 пайыздан 7 пайызға дейін қысқартылған.

«Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама іс жүзінде тоқтатылған. Ал Ғылым академиясының материалдарын және форсайттық зерттеулерді міндетті түрде қарау және іске асыру тетігі жоқ», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындауда да кемшіліктер анықталған. 2025–2027 жылдарға жеті басымдық пен 153 мамандандырылған бағыт бекітілген. Смайыловтың пікірінше, бағыттардың тым көп болуы кез келген зерттеуді басым жоба ретінде ұсынуға мүмкіндік береді.

«Басымдықтардың мәні – міндеттерді нақты іріктеу. Өйткені мемлекеттің оларға жұмсайтын ресурстары шектеулі», – деді ол.

Жоғары аудиторлық палата ғылыми-техникалық тапсырмалардың мазмұнына да назар аударған. Мұндай құжаттарда күтілетін нәтиже, оны тексеру талаптары және өндіріске енгізу жолдары анық жазылуға тиіс. Бірақ кейбір тапсырмада бұл талаптар толық көрсетілмеген.

«Ғылыми-техникалық тапсырма түпкілікті нәтижені, тексеру параметрлерін және енгізу тетіктерін қамтитын нақты басқару тапсырмасы болуы керек. Алайда бірқатар жағдайда тапсырмалар жалпылама әзірленіп, нәтижесі мен оны бағалау өлшемдері жеткілікті деңгейде нақтыланбаған», – деді Смайылов.

Аудит қорытындысында 2023–2025 жылдары бекітілген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмағаны белгілі болды. Бұл жобаларға жалпы көлемі 67 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар 2025 жылғы аудиттен кейін саладағы бірқатар мәселені реттеу жұмыстары басталған. Үкіметке сегіз ұсыным, ал тексерілген мекемелерге 88 тапсырма берілген. Қазір олардың жартысынан астамы орындалған.