Қазақстанда автокөлік жуу орындарына қойылатын талап күшейтілмек

Қазақстанда автокөлік жуу орындарына қойылатын талап күшейтілмек
Фото: ЖИ

Қазақстанда автокөлік жуу кезінде ауызсуды пайдалануға бақылау күшейтіледі. Су ресурстары және ирригация министрлігі осыған байланысты заңнамаға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Вице-министр Жандос Сәлімнің айтуынша, еліміздегі кейбір көлік жуу орындары техникалық қажеттілікке орталықтандырылған жүйеден берілетін ауызсуды қолданады. Енді министрлік мұндай нысандарды түгел тексеріп, олардың қайсысында суды тазартып, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін айналым жүйесі бар екенін анықтамақ.

Қолданыстағы талап бойынша автокөлік жуу орындары пайдаланылған суды бірден төгіп тастамай, арнайы жабдық арқылы тазартып, қайта қолдануға тиіс. Бұл ауызсуды үнемдеп, судың орынсыз ысырап болуына жол бермеу үшін қажет. Алайда аталған талапты барлық кәсіпкер бірдей орындамай отыр.

Осыған байланысты министрлік бақылауды күшейтіп, заң талабын бұзған автокөлік жуу орындарының жауапкершілігін арттыруды көздейді. Қазір бассейндік су инспекциялары мен сумен жабдықтаушы мекемелер кәсіпкерлерге қолданыстағы ережелерді түсіндіріп жатыр.

Жандос Сәлім 2025 жылы қабылданған Су кодексінде су қорын ұқыпты әрі тиімді пайдалану міндеті бекітілгенін атап өтті. Сондықтан алдағы уақытта көлік жууға ауызсуды жұмсауды азайтып, суды қайта пайдалану жүйесін кеңінен енгізуге басымдық берілмек.