Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызды топ болып зорлаған бес жасөспірім 5 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың барлығы қылмыс жасалған кезде кәмелетке толмаған болған. Бұл туралы Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға қалай болған?
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 14 ақпанда болған. Сол күні кәмелетке толмаған жәбірленуші құрбысымен бірге жасын жасырып, «Инфинити» түнгі караоке-клубына кірген. Қыздар онда үш сағаттан астам уақыт бойы алкогольдік ішімдік ішкен. Қатты мас болғандықтан үйіне осы күйде қайтуға қорыққан қыздар танысы И.-дің ұсынысымен оның кәмелетке толмаған достарының пәтеріне барған.
Сот пәтерде С. есімді сотталушы жәбірленушінің есін жиғызбау үшін оған химиялық заттың буын иіскеткені анықталды. Осыдан кейін бес жасөспірім қыздың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, топ болып зорлаған. Сотта олардың кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптары, сараптама қорытындылары және қылмыстық істің басқа да материалдары арқылы дәлелденген.
Прокурор 7,5 жыл сұрады, қорғаушылар ақтауды талап етті
Мемлекеттік айыптаушы бес сотталушының әрқайсысын 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды және екі жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұраған. Сонымен қатар 2025 жылғы 23 маусымдағы рақымшылық туралы заңды қолданып, жаза мерзімін 5 жыл 7 ай 15 күнге дейін қысқартуды ұсынған.
Жәбірленуші тарап прокурордың ұстанымын қолдап, моральдық зиян үшін 100 млн теңге өтемақы өндіруді талап еткен. Ал қорғаушылар сотталушылардың кінәсі дәлелденбегенін айтып, барлығын ақтауды сұраған.
Бес жасөспірім қандай жаза алды?
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-бөлігінің 1-1-тармағында көзделген қылмыс үшін 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда сотталушылардың қылмыс жасаған кездегі кәмелетке толмаған жасын жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныған. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот заң талаптарына сәйкес кәмелетке толмағандарға 7 жыл 6 айдан артық жаза тағайындауға болмайтынын ескерген.
Нәтижесінде бес жасөспірімнің әрқайсысына бастапқыда 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, рақымшылық заңына сәйкес мерзім 5 жыл 7 ай 15 күнге қысқартылған. Сондай-ақ олардың екі жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салынды.
Жәбірленушінің 100 млн теңге көлеміндегі моральдық өтемақы туралы талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот бес сотталушыдан ортақ тәртіппен 10 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.