Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына байланысты Алматы облысындағы Үлкен кентін кешенді дамыту жоспарланып отыр. Жоба аясында 33 мың адамға дейін тұратын атомшылар қалашығы бой көтереді. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үлкенде қандай нысандар салынады?
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, атомшылар қалашығы қазіргі Үлкен кентінің құрамына біріктіріледі. Жеке жұмысшылар поселкесін салу көзделмеген. Оның орнына елді мекеннің өзі тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылыммен бірге дамытылады.
Жоспар бойынша, мұнда:
- тұрғын үйлер;
- мектептер;
- медициналық нысандар;
- мамандарды даярлау және қайта даярлау орталықтары;
- қонақүйлер;
- қызмет көрсету және бизнес нысандары салынады.
«Бұл жеке жұмысшылар кенті болмайды. Бұл – өмір сүруге қажетті барлық ілеспе инфрақұрылымы бар Үлкен кентін дамыту жобасы», – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.
Сонымен қатар АЭС құрылысын қамтамасыз ету үшін салынатын нысандарды кейін де пайдалану мәселесі ескеріледі. Құрылыс аяқталған соң олардың бір бөлігі кенттің қажетіне жарап, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бермек.
Үлкен Балқаш жағасындағы заманауи кентке айналмақ
Атом энергиясы агенттігінің басшысы Үлкенде заманауи цифрлық шешімдер енгізілетінін айтты. Оның сөзінше, кент Балқаш жағалауындағы ең озық елді мекендердің біріне айналуы мүмкін.
Кенттің табиғи ландшафты мен орналасуы демалыс және туризм саласын дамытуға да мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, болашақ атом электр станциясының қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін оқу-жаттығу орталығын орналастыру жоспарланған.
АЭС құрылысына 15 мыңға дейін маман қажет
Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, атом электр станциясының құрылысы шарықтау шегіне жеткен кезде бір нысанға 15 мыңға дейін жұмысшы қажет болады.
Олардың қатарында:
- инженер-құрылысшылар;
- дәнекерлеушілер;
- монтажшылар;
- электриктер;
- автоматтандыру және сапаны бақылау мамандары бар.
Ал станция пайдалануға берілгеннен кейін оның тұрақты жұмысына шамамен 2 мың қызметкер қажет болады. Олардың арасында атом инженерлері, реактор қондырғыларының операторлары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік мамандары, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметкерлері болады.
Болашақ атомшылар қайда оқиды?
Мамандарды даярлау Қазақстанның бейінді оқу орындарымен қатар Қытай мен Ресейдің мамандандырылған білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық аясында жүргізіледі.
Сондай-ақ атом саласының қызметкерлеріне «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы арқылы білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама аясында магистратура мен докторантурада оқу, сондай-ақ шетелдің жетекші атом саласы ұйымдарында тағылымдамадан өту үшін арнайы квоталар бөлінуі мүмкін.
Алмасадам Сәтқалиев Үлкенді дамыту жергілікті жастарға жаңа жұмыс орындары мен мансаптық мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Сонымен қатар ол болашақ мамандардың баспанамен қамтамасыз етілетінін айтты.