Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы мен оның орынбасары ұсталды

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы мен оның орынбасары ұсталды
Фото: Яндекс

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының басшысы, авиация генерал-майоры Тимур Еспағанбетов пен оның орынбасары, авиация полковнигі Расул Исахожаев ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Hronika.kz мәліметінше, Тимур Еспағанбетовке елеулі мөлшерде пара алды деген күдік келтірілген. Ол Ақтөбе қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.

Ал институт басшысының орынбасары Расул Исахожаев елеулі мөлшерде пара берді деген күдікпен ұсталған. Оған қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі негізінде жүргізілуде.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жоғары лауазымды әскери қызметшілерге қатысты іс жекеменшік компания өкілдерімен арадағы пара беру және алу дерегіне байланысты қозғалған. Тергеу амалдарын Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жүргізіп жатыр.

Істің өзге мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты әзірге жарияланған жоқ. Күдіктілердің кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.