«Росатом» VII халықаралық Global Atomic Quiz ағартушылық викторинасын өткізді

«Росатом» VII халықаралық Global Atomic Quiz ағартушылық викторинасын өткізді

Викторинаның офлайн форматтағы кезеңі Астана қаласындағы Атом технологиялары жөніндегі ақпараттық орталықтың базасында өтті. Іс-шараға 50-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

10 қарашада «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күніне орай халықаралық Global Atomic Quiz ағартушылық викторинасын жетінші рет ұйымдастырды.

Биыл викторинаға қатысушылар атом технологияларының күнделікті өмірімізді қалай жақсартатынын білді. «Бір атомдық күн» деп аталатын жобаның биылғы тақырыбы өмірді жайлы, қауіпсіз әрі қызықты етуге көмектесетін бейбіт атом технологияларына арналды.

Global Atomic Quiz викторинасы қатысушыларға атом технологияларының күнделікті өмірдегі рөлін танып-білуге және үйреншікті заттар мен құбылыстардың ғылыми қырын ашуға мүмкіндік береді. Викторина барысында қатысушылар өз білімдерін тексеріп, атом технологияларын қолдану туралы тың деректермен танысады және заманауи ғылым жетістіктеріне жаңаша көзқараспен қарай алады.

Қазақстандықтар жобаға Астана қаласындағы Атом технологиялары жөніндегі ақпараттық орталықтың алаңында офлайн форматта қатысты. Мұнда 50-ден астам адам бас қосып, өз білімдерін сынап, атом технологияларын бейбіт мақсатта қолдану мүмкіндіктері туралы көбірек ақпарат алды.

Викторинаға жобаның ресми сайты арқылы онлайн форматта да қатысуға мүмкіндік болды. Қатысушылар жүлделер үшін бақ сынады. Викторина қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен үш қатысушы басты жүлде - Ресейге барып, әлемдегі алғашқы атом электр станциясымен танысу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар барлық қатысушыларға электрондық сертификаттар табысталады.

Анықтама: Global Atomic Quiz - «Росатом» мемлекеттік корпорациясының ядролық физика негіздерін түсіндіруге, атом технологияларының адамзаттың күнделікті өміріндегі маңызын және атом энергетикасының планетамызды сақтаудағы рөлін танытуға бағытталған халықаралық ағартушылық жобасы.

Жоба 2020 жылдан бері 16 тілде: орыс, ағылшын, өзбек, армян, араб, венгр, түрік, португал, испан, мьянма, индонезия, бенгал, қазақ, моңғол, вьетнам және суахили тілдерінде өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында викторинаға әлемнің 100-ден астам елінен 111 мыңнан астам мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

2023 жылы Global Atomic Quiz жобасы «Ғылым әлемге» аталымы бойынша Бүкілресейлік IX «Ғылымға адалдық үшін» сыйлығының лауреаты атанды.

«Росатомның» ағартушылық қызметі кең аудиторияны қамтуға бағытталған. Атом технологияларын насихаттаумен қатар, ғылыми-ағартушылық жобалардың негізгі мақсаттары - ғылым мен технологиялар туралы білімнің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ғылыми-техникалық білім мен инженерлік мамандықтардың тартымдылығын күшейту.

Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күнін ЮНЕСКО 2001 жылы бекіткен. Оның басты мақсаты - ғалымдардың адамзаттың дамуына қосқан үлесін атап өту.