Орталық Азия елдерінің мемлекеттік жүйелеріне шабуыл жасап, құпия құжаттарды ұрлаған Silent Lynx хакерлік тобы өз серверіне қосылу үшін «Қазақтелеком» интернетін пайдаланған. Бұл туралы халықаралық киберқауіпсіздік компаниясы CloudSEK жүргізген зерттеуде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
11 қарашада жарияланған зерттеу барысында мамандар хакерлер тобының қорғалмаған серверін анықтаған. Онда зиянды бағдарламалар, ұрланған құжаттар және жасанды интеллектпен жүргізілген хат алмасулар сақталған.
Хакерлер «Қазақтелеком» желісіне қалай қосылған?
CloudSEK мамандарының анықтауынша, хакерлер өздерінің интернеттегі әрекеттерін көбіне Tor анонимді желісі арқылы жасырған. Алайда олар бірнеше рет «Қазақтелеком» мен Қазақстандағы тағы бір интернет-провайдердің үй интернеті арқылы өз серверіне қосылған. Мысалы, 2 қазанда хакерлердің бірі алдымен «Қазақтелеком» желісі арқылы серверге кіріп, төрт минуттан кейін Proton VPN қызметін пайдаланған.
Зерттеушілер кибершабуыл жасаушылардың белсенділігі Қазақстандағы жұмыс уақытына сәйкес келетінін де анықтаған. Олардың серверге қосылуы көбіне сағат 08:00-ден 20:00-ге дейінгі аралықта болған. Бұл ретте CloudSEK «Қазақтелекомды» кибершабуылдарға қатысы бар деп айыптамайды. Әңгіме компанияның интернет желісін хакерлердің пайдаланғаны туралы болып отыр.
Хакерлер Тәжікстанның әскери құжаттарын ұрлаған
CloudSEK дерегінше, Silent Lynx тобы Орталық Азия елдеріне қарсы кибершпионажбен айналысқан. Тәжікстанда хакерлер ұлттық теміржол желісін бұзып кірген. Олар 2026 жылдың тамыз айының ортасынан кем дегенде 10 қазанға дейін жүйеге қол жеткізіп отырған.
Зиянкестер ішкі серверлерге, қызметтік хат алмасулар мен жұмыс құжаттарына қол жеткізген. Теміржол қызметкерінің есептік жазбасын пайдаланып, мемлекеттік электрондық құжат айналымы жүйесіне де кірген. Нәтижесінде Тәжікстан Қорғаныс министрлігіне қатысты 2 мыңнан астам құжатты ұрлаған. Олардың арасында әскери тағайындаулар, жеке құрамның қозғалысы, қорғаныс саласындағы сатып алулар және халықаралық әскери ынтымақтастық туралы мәліметтер болған.
Сонымен қатар хакерлер Ұлттық ұланға, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетке қатысты құжаттарға қол жеткізген. Өзбекстанда хакерлер орман ресурстарын басқаруға арналған Smart Forestry мемлекеттік платформасына кіріп, оның деректер базасын толық бақылауына алған.
Түрікменстанда топ елдің теміржол әкімшілігі мен Ахал уәлаяты әкімшілігінің атынан жасалған жалған құжаттарды пайдаланып, кибершабуылдарға дайындалған. Алайда бұл ұйымдарға сәтті шабуыл жасалғаны туралы дәлел табылмаған.
Бұдан бөлек, зерттеушілер Пәкістан Сыртқы істер министрлігі мен елдің ұлттық телекоммуникация операторына шабуыл жасау әрекеттерінің іздерін анықтаған.
Хакерлер DeepSeek жасанды интеллектісін пайдаланған
Зерттеу барысында хакерлердің шабуыл кезінде DeepSeek жасанды интеллектісін қолданғаны да белгілі болды. Олар оны бұзылған жүйелерді зерттеу, құжаттарды жинау және өз әрекеттерінің іздерін жою үшін пайдаланған. Жасанды интеллектіні басқару Telegram желісіндегі «Марат» есімді аккаунт арқылы жүзеге асырылған. Алайда оның артында тұрған адамның кім екені әзірге белгісіз.
Зерттеушілер хакерлік топтың операторы Қазақстанмен байланысты болуы мүмкін деп болжайды. Дегенмен оның азаматтығын анықтау мүмкін болмаған. CloudSEK жариялаған зерттеуде «Қазақтелекомның» кибершабуылдарға қатысы бары туралы айтылмайды. Мамандар тек хакерлер тобының компания интернетін өз серверіне қосылу үшін пайдаланғанын анықтаған.